|
09.06.2019 | 16:15
1346

Халықаралық бақылаушылар жастардың сайлаудағы белсенділігін ерекше атап өтті

Халықаралық бақылаушылар жастардың сайлаудағы белсенділігін ерекше атап өтті

Бүгін Алматыдағы бірнеше сайлау учаскесінде болып, дауыс беру процесін қадағалаған румындық бақылаушылар Йонас-Флорин Уркан мен Равеш Трип жастардың белсенділігіне тәнті болды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың айтуынша, Қазақстандағы Президенттік сайлау жуырда ғана Румынияда жуырда өткен Еуропарламент сайлауымен ұқсас көрінеді.

«Біз бүгін күні бойы бірнеше учаскеде болдық, барлығында адамдардың белсенділігі өте жоғары болды. Олардың көбі жастар болғаны қуантты бізді. Демек, жастар ел болашағына алаңдайды деген сөз», - дейді румын бақылаушысы Йонас-Флорин Уркан.

Сайлауға түске дейін дауыс берушілердің 20 пайыздайы келуі – өте жақсы көрсеткіш дейді бақылаушылар. Себебі жексенбі күні таңертеңнің өзінде осындай белсенділік болса, түстен кейін адамдардың қарасы одан сайын қалыңдай түседі дейді олар.

«Айтарлықтай заңбұзушылық бола қойған жоқ. Тек бір учаскеде ғана бір әйелдің өз есімін тізімнен таба алмағанын естідім. Бірақ мұндай жайт кез келген елде болуы мүмкін, мұны қалыпты жағдай деп қараймын. Мүмкін ол әйел өзі тұратын мекен-жайы бойынша келмеген шығар, мүмкін сол ауданның тізімі жаңартылып, сол тізімнен шықпай қалды ма, сондықтан біз бұл жерден айтарлықтай заңбұзушылық көргеміз жоқ», - деді халықаралық бақылаушы Равеш Трип.

Равеш Трип – Румыниядағы Адам құқықтары департаментінің өкілі. Сондықтан ол әр адамның өз пікірін білдіруге, тіпті қарсы шығуға да құқы барына тоқталды.  

«Біздің елімізде өткен соңғы Еуропарламент сайлауы қарсаңында наразылық оқиғалары өте көп болды. Сайлауға дейін әлдекімдер көшеге шығып, жүйеге қарсылық танытуға үндеп жатты. Бірақ ол – демократиялық елде қалыпты құбылыс болғандықтан, билік тарапынан ешқандай жаза немесе шара қолданылған жоқ. Бірақ сайлау күні заң басқаша», - деді ол.

Шетелдік бақылаушыларға баламен үйден шыға алмайтын немесе қария кісілерге арналған мобильді урналардың қарастырылуы ұнапты.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир