Президент Amanat партиясынан шығып, төрағалығын тоқтатты. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда сенім артып, қолдаған халыққа алғысын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет деп атап өтті. Президент партиядан шыққанымен, AMANAT-тың стратегиялық бағдары өзгермейтініне сенім білдірді.
«Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады. Қазір ұйым Мәжілісте және мәслихаттарда едәуір басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктердің жұмысына қатаң бақылау жасай алады. Президент партия қатарынан шыққанымен, ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. AMANAT еліміздің саяси өмірінде ерекше орны бар ұйым ретінде қала беретіні анық», – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал партияның төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды. Дауыс бергендер Мәжіліс спикерінің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Сонымен қатар съезде мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру үшін батыл өзгерістер жасау керектігін айтты. Бұл ретте Президент Ата заңға өзгертулер енгізбей, ауқымды өзгерістерді тиімді жүзеге асыру мүмкін еместігін де тілге тиек етті.
«Өздеріңіз білесіздер, бір айдан астам уақыт бұрын Жолдауда саяси реформалардың ауқымды бағдарламасын ұсынған болатынмын. Ол қоғамда белсенді түрде талқыланып, сарапшылар тарапынан, оның ішінде AMANAT партиясының алаңында жан-жақты сарапталды. Толықтай алғанда бағдарлама жылдар бойы қордаланып қалған әлеуметтік сұраныстарға лайықты жауап ретінде азаматтар арасында кеңінен қолдауға ие болды», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.