Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаев деген фейк аккаунттар көбейді

17.04.2019 21:20

Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Құрманғали Фейсбуктегі парақшасында жазды

Zakon.kz

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желілерде екі аккаунты ғана бар. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Құрманғали Фейсбуктегі парақшасында жазды.

Б.Құрманғали соңғы кездері әртүрлі әлеуметтік желілерде Мемлекет басшының атынан ашылған жалған парақшалардың көбейгенін, олардың түрлі мақсатта пайдаланылып жатқанын атап өтті.

«Соңғы кездері әртүрлі әлеуметтік желілерде Мемлекет басшының атынан ашылған фейк аккаунттар көбейіп кетті. Сол арқылы жалған ақпарат таратып жатқандар да бар, кейбірі оны коммерциялық мақсатта қолдануда. Осыған байланысты барша әлеуметтік медиа қолданушылар мен БАҚ өкілдеріне ескертеріміз - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ресми тіркелген екі аккаунт қана бар. Олар: Twitter желісінде 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан - @TokayevKZ, сондай-ақ 2019 жылдың сәуір айында Instagram желісінде ашылған @tokayev_online аккаунты», - деп жазды ол.

Құрманғали Мемлекет басшысы туралы нақты расталған ақпарат алу үшін барша әлеуметтік желі қолданушыларын жоғарыда көрсетілген ресми аккаунттарға ғана жүгінуге шақырды.