Президент 1 қыркүйекке дейін жемқорлық мөлшерін азайтуға бағытталған реформалар әзірленетінін айтты
Нұр-Сұлтанда Мемлекет басшысының ұлықтау рәсімі өтті. Онда Қазақстан халқына ант берген Президент өзiне жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға уәде беріп, халықты мазалайтын түйткілдерді шешу жолдарын көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінде ең алдымен залға Қазақстан Республикасының туы, штандарты мен Ата заңы әкелініп, еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кірді. Содан кейін барып Қасым-Жомарт Тоқаев ортаға шығып, Қазақстан халқына ант берді. Жаңа Президент 31 сөзден тұратын анттың әр сөзін шегелеп айтты.
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Міне, осы сәттен бастап Президент өз қызметіне ресми түрде кіріскен болып саналады. Соның құрметіне ҚР Мемлекеттік Әнұраны орындалып, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасы Президентiнiң куәлiгiн тапсырды. Ұлықтау рәсіміне орай, Қазақ елі алаңында зеңбірек атылды.
Тоқаев салтанатты жиында сондай-ақ қазақстандықтарға үнемі есеп беруге және оны сөз жүзінде ғана емес, нақты іске асыруға уәде берді. Бұдан соң Президент халықты толғандыратын мәселелерге тоқталды. Оның қатарында әлеуметтік түйткілдерді шешу, отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету, әр азаматтың құқығын қорғау және мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсету мәселелері бар.
«Халықты толғандырып отырған тағы бір басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Себебі халықаралық қаржы нарығындағы тұрақсыздық теңгені девальвацияға ұшыратып, халықтың табысына кері әсер етті. Милиондаған азаматымыз банктен несие алуға мәжбүр. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар. Дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан, дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу, ортақ мерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа Президенттің елді дамытудағы басты бағыттарын тыңдаған халық қалаулылары да пікірлерін білдірді. Депутаттарды әсіресе, сапалы білім беру мен түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударғаны қуантты.
«Көтерілген сұрақтар мен алға қойған мақсаттардың бәрі орынды. Қазіргі кезде елдің бәрінің қалайтыны – әділдік. Содан кейін әлеуметтік жағдай. Оны Елбасы да үнемі көтеретін. Бірақ қазіргі Президентіміз оны тағы да нақтылап, жан-жақты көрсетті», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш АМАНЖОЛОВА.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ сыбайлас жемқорлық мәселесін де тілге тиек етті. Президент өз сөзінде 1 қыркүйекке дейін жемқорлық мөлшерін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар әзірленетінін алға тартты.