Мәжіліс төрағасы Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді

03.03.2022 00:46

Ол Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсері туралы әлі болжам жасау ерте деді

Almaty.tv

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Өз сөзінде ол Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсері туралы әлі болжам жасау ерте деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы Ұлттық банкке және Үкіметке батыс елдері санкцияларының қазақстандық экономикаға ықпалын барынша төмендету туралы тапсырма бергенін атап өтті.    

«Әрине, Украина мен Ресей біздің бауырлас елдер саналады. Бізге осы шиеленіс ауыр тиіп отыр. Сондықтан адамдардың өмірі қиылып жатқаны, қалалардың талқандалып жатқаны – қиын жағдай. Қазақстан қалай көмектесе алады? Бұл тұрғыда кеше Мемлекет басшысы тиісті мәлімдеме жасады. Біз келіссөз жүргізуге қатысты көмек көрсете аламыз, яғни осыған тиісті алаңды ұсына аламыз», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Ал депутат Аманжан Жамалов көрші елдердегі жағдайдың Қазақстанға қайткенде салдары болуы мүмкін, сол себепті қаржы нарығын тұрақтандыру керек деп санайды. Әсіресе азық-түлік бағасына әсер етуі ықтимал деген болжамын айтты.  

«Біз қаржы нарығындағы өзгерістердің негізгі азық-түлік тауарлары мен қызметтер бағасының өсуіне сөзсіз әсер ететінін және бұл ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарына әсер ететінін жақсы түсінеміз. Осы бағыт бойынша жарияланған, бірақ мемлекет тарапынан нақты қабылданған шаралар жоқ. Алайда қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, бюджет қаражаты есебінен жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 10% мөлшерінде сыйлықақы есептеуді көздейтін теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасын жариялады», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.