Жол картасы мегаполисті дамытудың он екі драйверіне негізделген 180 пункттен тұрады
Nur Otan партиясының қалалық филиалы сайлауалды бағдарламаны орындауға арналған жол картасын ұсынды. Жол картасы мегаполисті дамытудың он екі драйверіне негізделген 180 пункттен тұрады. Онда қала жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылмақ. Сонымен қатар мемлекет саясатындағы аса маңызды салалардың одан әрі дамуы бойынша шаралар қабылдайды, деп Almaty.tv.
«Алдағы 5 жылда соның ішінде әр жыл сайын орындалуы керек міндеттер бар. Мәселен алматылықтардың баспанамен қамтылуы бір адамға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жетуі керек. Шағын және орта кәсіпкерлік деңгейі қалада 45 пайызға дейін өсуі тиіс. Осы сияқты әр бағыт бойынша ауқымды жұмыстар атқарылады. Мұның бәрі сол жол картасында қарастырылған», – деді қалалық мәслихаттағы Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Ләззат Ибрагимова.
Белгіленген стратегиялық жобаны орындауға, оны қадағалап отыруға әр салаға жауапты депутаттар мен тиісті мемлекеттік органдар бекітілді. Аталған жобаны толық қабылдау үшін саяси кеңес бюросына жолданады.
«Яғни, біздің депутаттық фракция мүшелері бюджетте, маңызды шешімдер қабылданатын кезде ең бірінші өзіміздің сайлауалды бағдарламамыздың орындалуын қарастырады. Сол себепті әр пункт бойынша депутаттарымыз бекітілген», – деді Nur Otan партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев.