Алматыда Конституция күніне арналған салтанатты жиын өтті

Алматыда Конституция күніне арналған салтанатты жиын өтті
24 жыл ішінде Конституцияға 4 рет өзгеріс енгізілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақтың Ата заңы, Конституциямыздың қабылданғанына 24 жыл. Тәуелсіздіктің тартуы,  тұрақтылыққа кепіл болған қиелі заңымыздың құрметіне  бүгін Алматыда салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ширек ғасырға жуықтаған ата заңымыз 1995 жылы 7 миллионнан астам адамның дауыс беруі арқылы, яғни бүкілхалықтық референдуммен қабылданды. Өзгенің бұйрығынан босап, өз бетінше өмір сүреді дегенге сенім селдіреп тұрған шақта осы Ата заңымыз қабылданып, мемлекетті басқару ісі жолға қойылды.   Тарихи сәт қабылданған 24 жылдан бері еліміз осы басты заңымызда айқын, анық таңбаланған тармақтар арқылы тура жүріп келеді.

Алматыдағы бұрынғы үкімет үйінде қазақтың жаңа конституциясы қабылданған қуанышты сәт таспаланған бұл кадрлар тарих қойнауына тереңдеген сайын әр қазаққа ыстық бола түсері сөзсіз. Тыңғылықты  дайындалған  құжатқа 1995 жылы Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мөр басып, көпке өз Ата Заңымыздың қабылданғанын жариялады. 

«АТА ЗАҢЫМЫЗ -ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ, ЖАҢҒЫРУ МЕН ӨРКЕНДЕУДІҢ ІРГЕТАСЫНА АЙНАЛҒАН ҰЛЫ ҚҰНДЫЛЫҚ», – деді  ҚР ТҰҢҒЫШ  ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ  Н.Ә. НАЗАРБАЕВ.

Келешегін көздеп, ертеңін елеп-екшеп, тәуелсіздігін тұрақты қылғысы келген кез-келген елде осындай қатталған құжаты болады. Байтақ еліміздің барлық азаматы осы ережеге бағынады, билік мемлекетті де аталған заңның айтуымен  басқарады. 9 тарау, 98 баптан тұратын құнды құжатты қағазға қаттау үшін білікті мамандар батыс пен Азиядағы оншақты елдің конституциясын саралап, бір жылдай жұмыс жасапты.

«Тарихымызда тұңғыш рет халықтың өзіне таңдау еркі берілді. Ол таңдаудың бір басында – өзгерген, өркениетке ұмтылған, азаттыққа иек артқан жолмен жүру тұрса, екінші жағында өткен шақ пен болашақтың ортасында баяғыдай айналсоқтап жүре беру болды.  Халық біраузыдан жарқын болашаққа бастайтын жолды таңдады», – деді  ҚР ТҰҢҒЫШ  ПРЕЗИДЕНТІ- ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ

Көптің көкейінен шығатын заңды әзірлеу үшін 33 мыңнан аса ұжымдық кездесу өтіп, 32 мыңдай ұсыныс түскен екен. Олардың бір мың 100-і Конституция жобасына еніпті.  Президент, қос палаталы депутаттар сайлауы,  республикалық референдум, Парламент  қабылдаған заңдар мен халықаралық келісімдер де осы Конституцияға сәйкес өткізілуі тиіс. Саяси қадам жасайтын аса маңызды шаралар, реформалық өзгерістерді  ескере отырып  24 жыл ішінде Конституцияға 4 рет өзгеріс енгізілді. 

«Ол мемлекеттік құрылымға байланысты, адамдардың құқығы мен бостандығын баянды ету және мемлекеттегі президентке байланысты көптеген өзгерістер енізілді. Себебі, президенттің 11 контитуциялық заңда, 7 кодексте, 81 жай заңда белгіленген 100 құқықтары мен өкілеттіліктері. Кезінде президенттік билік күшті болуы үшін, өкілеттіліктің бәрі президенттің мойнына алынды. Президент қана шешеді. Мұның бәрі президенттің мойнына 100-деген міндетті жүктеді», – деді Конституциялық Кеңес төрағасының кеңесшісі Қабылсаят ӘБІШЕВ.

Әр қазақтың жалғызы саналатын Отанымыздағы  маңызды өзгерістер де  - осы Ата Заңымызға бағыну арқылы ғана іске асады. Конституция қабылданған ширек ғасыр аясында 1300-ден  астам  заң, кодекс пен нормативтік актілер қабылданған. 2017 жылы Ата Заңды тағыда өзгерту арқылы Президент өзіндегі көптеген өкілеттілікті Парламентке өткізді. Нәтижесінде  үкімет  Парламент алдында толық есеп беруі міндеттелді. Ал әу баста қастерлі құжатта қаталып қойған заңның негізінде үлкен өзгеріс орын алды. Ол – биліктің бейбіт жолмен ауысуы.

«Елбасы өзіне берілген құзыреттің нәтижесінде, ол кісі өзі жоғары биліктен бас тартып, өзінің құзыретін тоқтататынын елге арнайы үндеу жарялап айтып және заң бойынша бізде сол кезде сенаттың төрағасы уақытша президент сайлауы өткенше президент болып отырған болатын. 9 маусымда елімізде президент сайлауы өтті», – деді саясаттанушы Нұрлан СЕЙДІН.

Яғни бізде жоғары биліктің ауысуы барысында біз осы  үдерісті толық демократиялық принциптерге сай өткіздік деп айтсақ болады.

Контитуциялық заңды жетілдіру, оған өзгеріс пен толықтырулар енгізу-дамудың бірден бір жолы.  Күн сайын құбылып жатқан қоғам да, ел тағдырын шешуші сәтте нүктені тек осы маңызды құжат қана қоя алады. Сондықтан да қоңыр күзде қабылданған осы заң қазақ елі үшін ерекше күннің бірі саналады.  Алматылықтар айтулы датаны салатанатты түрде атап өтуді бастап та кетті. 


«ҚР Конституциясының күнімен бәріңізді шын жүректен құттықтаймын!  Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі Алматыда қабылданған ел конституциясы ең алдымен азаттығымыздың жаршысы. Елдігіміздің  мемлекеттігімізді айқындайтын басты құжат  – халық билігінің қайнар көзі. 30-тамыз Қазақстан халқы тарихи  таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күні», – деді Алматы қаласының әкімі  Бақытжан САҒЫНТАЕВ.   


Толеранттылық таныту, татулықты ту ету- конституцияның негізгі тарауында да тәптіштеп түсіндірілген. Дала өркениеті мен дүние жүзіндегі  елдермен байланысудағы  қағидаларын бір арнаға тоғыстыра отырып, өмір сүрудің жолдарын жіктеп берген заңдардың асыл жинағы.  Конституциямыз – сындарлы сәт пен күрделі кезеңдерден қазақ елін  сүріндірмей өткізе бермек.

Әмірболат Құсайынұлы, Әрсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров