Мемлекет басшысы Коронавируспен күрес жұмыстарын үйлестіру және мониторинг жасау жөніндегі шұғыл әрекет ету орталығына барды
Мемлекет басшысы пандемияға қарсы еліміздегі күрес жұмыстарын үйлестіретін Орталықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы Президентке әлемде және Қазақстанда коронавирустың таралуына қарсы күресті үйлестіру және мониторинг жасау әдістері, оның ішінде ауырғандарды анықтау және есепке алу жөніндегі жұмыстарда цифрлық технологияны қолдану туралы баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған орталықтың әлемдегі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайында атқаратын маңызды рөлін атап өтті және күш біріктіре отырып, оқиғаның кері әсеріне тосқауыл қоюға сенім білдірді.
Президент қазақстандықтарды тыныштық сақтауға шақырып, Үкіметке індеттің таралуына байланысты қауесеттер мен дүрбелеңге тосқауыл қою үшін азаматтарды шұғыл әрі шынайы ақпараттармен қамтамасыз ету міндетін қойды. Мемлекет басшысы осыған орай қоғамға қазіргі ахуал мен мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары туралы ақпарат тарататын ресми арналарды айқындау жөнінде тапсырма берді.
Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы күресу үшін қабылданып жатқан шараларға оң баға берді.
«Үкімет аз жұмыс істеген жоқ. Мамандардың бағалауынша, біз Еуропа елдеріне қарағанда айтарлықтай шұғыл әрекет етіп жатырмыз. Дегенмен бізге нәтиже керек. Халық әлі толық ақпарат ала алмай отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент медициналық бетперделердің тапшы екенін айтты.
«Бізде әлі күнге дейін тиісті көлемде бетперделердің жетіспейтіндігін атап айтқым келеді. Бірақ қағаз жүзінде бәрі жеткілікті. Бір жағынан, халық дәріханаларда бетперделердің әлі де жоқ екенін айтып шағымдануда. Неге? Бұл алыпсатарлық деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы халықты бетперделермен жедел қамтамасыз етуді талап етіп, еліміздің барлық азаматтарын үнемі антисептиктерді пайдалануға және бетперде тағуға шақырды.
«Біз барлық қалалардағы негізгі көшелерде азаматтарымызға тегін маска тарата алатындай болуымыз керек. Бұл Үкіметтің алдында тұрған аса жедел әрі шұғыл міндет», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның 160-тан астам елге таралғанын атап өтіп, шекаралас мемлекеттердің Үкіметтерімен іс-қимылдарды үйлестірудің маңыздылығына назар аударды.
«Соңғы бірнеше күнде Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның Президенттерімен сөйлестім. Негізінен біз Үкіметтеріміздің тығыз ықпалдаса жұмыс істеуі керектігі жайында әңгімелестік. Бұл ортақ мәселе болғандықтан бірлескен жұмыстарды арттыра түсуіміз керек. Бірлесе әрекет еткен жөн», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елімізде карантин режимін сақтаудың маңыздылығына тоқталып, барлық азаматтарды, оның ішінде, мемлекеттік қызметшілерді белгіленген тәртіп бойынша жұмыс істеуге шақырды.
«Бақылау-өткізу бекеттерін қойғанымыз әзіл немесе қойылым емес. Карантин режимін қатаң сақтамай, біз бұл бағытта ешқандай табысқа қол жеткізе алмаймыз. Біз карантин жағдайын қатаң сақтауға тиіспіз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медицинаны, соның ішінде, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті және медицина ғылымын дамытуға баса мән беру керек екенін айтты.
«Қазір бүкіл әлемнің және бүкіл әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз», - деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барлық медицина қызметкерлеріне коронавирус пандемиясына қарсы күреске қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.