Жыл қорытындысы: 2019 жылдың есте қалған оқиғалары

Жыл қорытындысы: 2019 жылдың есте қалған оқиғалары
Қазақстанда 2019 жылы бірнеше маңызды оқиғалар орын алды. Тарихи шешімдер шығарылып, маңызды құжаттар қабылданды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бірнеше сағаттан кейін тарих қойнауына енетін 2019 жыл қуанышты жаңалықтардан кенде болған жоқ. Десе де ақ пен қара алмасқан өмірде көңілге қаяу түсіретін оқиғалардың да орын алатыны заңдылық. Санаулы сағаттан кейін есіктен қол бұлғайтын доңыз жылы қазақстандықтар үшін жанға батар жаңалықтарымен де есте қалғалы отыр. Ендеше 2019-дың басты оқиғаларын бір шолып өтсек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Доңыз жылының басы Қазақстан үшін ауыр трагедиядан басталды. Бір үйдің бес бірдей баласы өрттен қаза тапты. Қайғылы оқиға Нұрсұлтанда аязды ақпан айында орын алды. Десе де, елдің қабырғасын қайыстырған бұл жағдайдан кейін Қазақстанда 2019 жылы бірнеше маңызды оқиғалар орын алды. Тарихи шешімдер шығарылып, маңызды құжаттар қабылданды. Қазақстанның Тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Наурыз мерекесі қарсаңында мәлімдеме жасап, өкілеттілігін тоқтатты. Ел тізгіні сол кездегі Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріліп, маусым айында өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы жеңіске жетті. Кейіннен қыркүйекте ел президенті Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын ұсынды. Онда Президент халықпен тиімді кері байланыс орната білу, адамдардың зәру мәселесін шешуге жедел ден қою - мемлекеттік органдар жұмысындағы басты бағыт екендігі баса айтты.

Маусымда тағы бір қайғылы жағдай орын алды. Бұл жолы Арыстағы әскери бөлімшенің оқ-дәрі сақтайтын қоймасынан өрт шығып, қару-жарақ түгел жарылып кетті. Оқыс оқиғадан соң 89 адам ауруханаға жатқызылды. Оның 15-і ауыр халде жан-сақтау бөліміне түссе, екі адам ауыр жарақаттан көз жұмды.

Маусымның соңында Алматыға жаңа әкім тағайындалды. Бақытжан Сағынтаев шаһар басшысы қызметіне кірісті. Әкім келе сала тұрғындармен «еркін микрафон» форматында кездесулер өткізіп, халықтың мұң мұқтажын тыңдады. Онда негізінен әлеуметтік мәселелер талқыланды. Осы уақытқа дейін Бақытжан Әбдірұлы 16 кездесу ұйымдастырды.  

Қазанның соңында, Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапарымен келді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен әкімдікте жиналыс өткізіп, "Жаңа Алматы" бағдарламасымен танысты. Жиында экономиканың және де басқа да басқару жүйесінің тимділігін арттыруға ерекше назар аудару керек, қаланың өмір сүру сапасы мен инфрақұрылымдық дамуын жетілдіру қажет деді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлау шатқалының аумағында курорт салуға да тыйым салды.  

Қыс келісімен Алматы басшысы Бақытжан Сағынтаев қаладағы халық көп жиналатын орындарда тегін мұз айдындарын ашты. Ондағы мұз арнайы салқындатқыш машиналардың көмегімен қалпын сақтап тұр. Сол себепті Алматының құбылмалы ауа райы мұздың еріп кетуіне кедергі келтірмейді. Сырғанау алаңдары 10 наурызға дейін жұмыс істейтін болады. Мұз айдынында сағат 10:30-дан 23:00-ге дейін жалға беру пункттері жұмыс істейді

Жыл соңы қайғылы оқиғамен аяқталып барады. Алматы маңында жолаушы ұшағы апатқа ұшырады. 93 жолаушысы мен 5 экипаж мүшесі бар Вek Air компаниясының Fokker-100 әуе кемесі жеке үйге соқтығысып, салдарынан 12 адам қаза тапты, бірнешесі зардап шекті. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына байланысты желтоқсанның 28-ін жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Мемлекеттік тулар төмен түсірілді. Қаралы қазаға жер-жерден көңіл айту хаттары да жолданды. Тіпті, АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігі де мемлекеттік туын төмен түсірді. Бар қазақстандықтың қабырғасын қайыстырған ауыр күндері қайырған қалың ел әуежайы маңы мен бірнеше жерлерде шырақ шағып, гүл шоқтарын қойды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев әуе апатынан зардап шеккен балаларға барды. Өзі де әр палатаға кіріп, жағдайларын жеке-жеке сұрап шықты. Қала әкімі балаларға ҚР-ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан тез сауығып кетуін тілеп, Мемлекет басшысының жаңа жылдық сыйлықтарын табыстады.

Өткен жылға өкпе жоқ. Келер жылдан үміт көп. Артта қалып бара жатқан 2019 жыл маңызды оқиғаларға толы болды. Келер жылы да бірнеше ауқымды, маңызы жоғары мәртебелі мерекелер келе жатыр. Олар Ұлы ақын Абай Құнанбайұылының 175 жылдығы, Ұлыс Жеңістің 75 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы мен әл-Фараби 1150 жылдығы аталып өтетін болады.  

Доңыз жылында Мәдениет саласында екі сенсациялық жаңалық орын алды. Оның бірі Польшаның Гливице қаласында өткен "Балалар Евровидениесі" музыкалық шоуында қазақстандық Ержан Максим екінші орынды иеленді. Одан кейін қазақ мақтанышы, Димаш Құдайберген Американы аузына қаратты. Жылдың басты ғажайыбы Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында Arnau Tour Envoy тақырыбымен шоу-концерт өтті.

Жаңа 2020 жыл тек берекесімен, мол қуанышымен, жақсылығымен төрімізден орын алсын! Әрбір шаңырақта ырыс-береке, елімізде бейбітшілік пен келісім болсын.

Новости партнеров