Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі, Қауымдар палатасының депутаты Алан Данканмен кездесті, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
А.Данкан Д.Назарбаеваға Ұлыбритания Парламенті Лордтар Палатасының лорд-спикері сэр Питер Норман Фоулердің Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы қызметіне сайлануына байланысты құттықтауы мен ізгі тілектерін жеткізді.
Лорд-спикердің жолдауында екі елдің заң шығару органдарының жоғарғы палаталары арасындағы байланыстардың одан әрі нығаюына сенім білдірілді. Сонымен қатар, британдық министр Қазақстандағы саяси үдерістер мен жаңаруларға Лондон тарапы баса назар аударып отырғанын атап өтті.
Өз кезегінде Д. Назарбаева мейманды Қазақстанда болып жатқан саяси үдерістер туралы хабардар етті.
Оның айтуынша, 9 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлау еліміздің саяси жүйесін дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ. Сенат төрағасы елдегі саяси жүйенің жаңғыруында, экономикалық және әлеуметтік реформаларда сабақтастық бағытының қамтамасыз етілетініне сенім білдірді.
«Елбасының ұзақ мерзімді стратегиясы біздің сыртқы және ішкі саясатымыздың басты негізі болып қала береді», - деп атап өтті Д.Назарбаева.
Атап айтқанда, кездесу кезінде екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйі мен келешегі талқылады.
Сенат спикері Қазақстанның Еуропадағы маңызды стратегиялық әріптесі болып табылатын Біріккен Корольдікпен қарым-қатынасының достық және сенімді сипатын атап өтті. А. Данкан өз кезегінде саяси, экономикалық, қаржылық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайтудың ауқымды келешегіне тоқтала келіп, Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі мемлекет ретінде атап өтті. Әңгіме барысында парламентаралық байланыстарды дамытуға назар аударылды. Д. Назарбаева Қазақстан мен Ұлыбританияның заң шығару органдарында жұмыс істейтін достық топтарының жұмысына жоғары баға беріп, екі ел парламентшілерінің жүйелі байланысын атап өтті.
«Қазақстан Сенатының басшысы Біріккен Корольдік Парламентінің өкілді делегациясының 2019 жылы қыркүйекте «Үлкен Еуразия: Үнқатысу. Сенім. Әріптестік» тақырыбымен Нұр-Сұлтанда өтетін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының 4-ші кеңесіне қатысатынына сенім білдірді», - делінген хабарламада.