Әкім жыл аяғына дейін« қаланың барлық ауданынан Бақыты отбасы» орталығын ашуды тапсырды
Алматының шеткі аудандары орталықтан қалмай дамитын болады. Енді қаланы көріктендіруге жұмсалатын қаржының басым бөлігі керісінше қала шекарасындағы аймаққа бағытталмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал, бұған дейін ақшаның көбі мегаполистің ішін дамытуға жаратылып келген. Осылайша шаһардың орталығы мен шетіндегі теңсіздік түбегейлі жойылмақ. Мұндай шешімді апта ортасында қала активімен кездескен әкім Бақытжан Сағынтаев айтты.
Дүйсенбіде дүйім жұртты жинап жиын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің елеулі мәселесіне назар аударып, халықтың тұрмыс тіршілігін жақсартуға бағытталған бірқатар міндеттер жүктеген еді. Бұдан кейін дереу қала активімен кеңес өткізген Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала дамуына қатысты нақты жоспарлар жариялап, шенділерге негізгі тапсырманы шегелеп тапсырды. Оның ішінде негізігісі - қаланың шеткі бөлігін орталықтан кем етпей дамыту. Бұған дейін қаржының қалыңы орталыққа жұмсалса, енді керісінше керектенілмек.
«2009-2010 жылдардан бастап қаланың аумағы екі есеге ұлғайды. Жаңадан елді-мекендер қосылды. Бірақ сол жаңадан қосылған аудан тұрғындарына әлі де жағдай жасалмай келеді. Инфрақұрылым жоқ, әлеуметтік нысандар жетіспейді, халық ауыз су тапшылығын тартып отыр. Соңғы 5 жылда қаланың орталығын дамытуға 65 млрд теңге, ал шеткі аудандарды жетілдіруге 15 млрд теңге бөлінген болатын. Енді керісінше болады. Арадағы теңсіздікті жою үшін шеткі аумақтарды көркейту қажетпіз. Бұған барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек», – деді Алматы әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Теңсіздік жою – инфрақұрылымды жетілдіру ғана емес, оның ішінде елдің тұрмысын түзеп, тұралап тұрған істерге жан бітіру. Алдағы үш жылда жаңадан еңбек орындарын ашып, жұртты жұмыспен қамту – басты шаруа. Осы орайда аудан басшылары көкейтесті деген мәселені бүкпесіз баяндап, оның шешімін табулары қажет.
«Қалаға әкім болып тағайындалғалы бері әр ауданды аралап көріп, проблемаларымен таныстым. Тек Әуезов пен Жетісу ауданының әкімдері мәселелерін жасырып, мені әдемі көріктендірілген жерлерге алып барды. Бұл дұрыс емес. Керісінше, қандай проблема бар ашық айтқан жөн. Барлық аудан әкімдеріне тұрғындар тарапынан түскен шағым бойынша проблемаларды тізіп, олардың шешу жолын ұсынуды тапсырамын», – деді Бақытжан САҒЫНТАЕВ,
Қала әкімі әлеуметтік нысандардың мәселесіне де кеңінен тоқталды. Оның ішінде мектеп, балабақша, емхана сынды нысандардың жетіспеушілігі дереу шешілмек. Бүгінде 70 мың оқушыға жеке парта керек. Себебі, қаланың білім саласындағы «көшбасшы» статусынан айырылмауы маңызды бағыт.
«Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы барлығына жетпейді. Жан басына қаржыландыру формасы бар және сол арқылы әрекет етеміз. Бизнес өкілдерімен жұмыс істеп, жан басына қаржыландыру тетігін ұсынып, мектептер саламыз. Бұл мәселе өз шешімін тауып жатыр. Кеше білім министрімен сөйлескенде 2025-ші жылға дейін 500 мектеп салынатынын айтты. Сондықтан қалалық білім басқармасы министрлікпен тығыз қарым-қатынаста болуы керек», – деді әкім сондай-ақ.
Алматылықтарды алаңдатқан тағы бір мәселе – көше жарығы. Қалада аулалардың 52 пайызы, ал көшелердің 26 пайызында шам жоқ. Бұл жұмысты реттеу үшін жаңа жоспар құрылды.
«Көше жарығына қала бюджетінен ақша бөлініп қойған екен. Бірақ, қаражат жарығы бар көшелердің шамдарын диодтыққа ауыстыруға бөлініп отыр екен. Бұл мақсаттағы жұмысты тоқтатамыз. Ескі шамдар ауыстырылмайды. Қаражат мүлдем тас қараңғы көшелерді жарықтандыруға жұмсалады», – деді Алматы қаласының әкімі.
Ал, ел экономикасының күре тамыры болған ірі қалада бизнес тұралап қалмау қажет. Әкім шағын және орта кәсіппен айналысамын деушілерге барлық жағдай жасалатын айтты. Бүгінде бизнес өкілдерімен келіссөздер жүріп жатыр, инвесторларды тарту механизмдері ойластырылған деді Бақытжан Сағынтаев.
«Наурызбай, Алатау, Түрксіб ауданында орта және шағын бизнес ашқысы келетін кәсіпкерлерге Алматы әкімдігі көмектеседі. Шеткі аудандарда жылдық 2 пайызбен қаржыландырып отырамыз. Ал орталықта шамамен 6-7 пайыздық мөлшерлемемен болады. Бұл шарттар әлдеқайда ыңғайлы, өйткені банктердің өзі мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырып жатыр. Мамандарды оқытып, қала шекарасындағы аймақтарда азаматтар жұмысқа орналаса алатындай жағдай жасаймыз», – деді қала әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Бақытжан Сағынтаев қала активімен кездесуде көпбалалы аналардың мәселесі ерекше бақылауында екенін айтып, «Бақыты отбасы» орталығын жыл аяғына дейін қаланың барлық ауданында ашуды тапсырды. Ал, апта ортасында қала әкімі орталыққа келген аналармен де жеке тілдескен болатын.
Көпбалалылардың ұсыныстарын мұқият тыңдаған шаһар басшысы әр мәселе бойынша тиісті тапсырма берді. Бүгінде қысқа мерзімді курстарда оқып жатқан 470 көпбалалы ана оқу тәмамдаған соң кәсіп бастауға қол ұшын беру қажеттігін айтты. Ол үшін «Іскер ана» бағдарламасын қосуды өзінің орынбасары Ерлан Әукеновке жүктеді.
Оқып бітірген ананы әрі қарай қолдау керек. Оқығаннан кейін жұмыс көзін тапты ма, бизнесін ашты ма, қадағалап, әркімнің неге ебі бар, соны жасайтындай құралын сыйға тарту керек. Сосын сол идеясына қарай, біз оларға грант беруіміз керек. Бірақ сіздер оның барлығын бақылауда ұстаңыздар. Ал, аяғына тұрып алған ана өзі ғана емес, қасындағы құрбыларының барлығын да тартады», – деді Бақытжан САҒЫНТАЕВ
Сағынтаев тапсырған міндеттер бойынша барлық аудан әкімдері қала басшысына 1 тамызға дейін нақты жоспар көрсетулері керек. Барлық шаруа әкімнің қатаң бақылауында болмақ. Ал, әлеуметтік желі арқылы түскен елдің өтініш-шағымдарының ешқайсысы ескерусіз қалмайтын болады.
«Ауқымды әңгімелер айтылды. Мұның барлығы қала өмірінде өте маңызды мәселелер. Әкімдіктің негізгі бағыттары түсінікті. Бақытжан Әбдірұлы өзі премьер-министр болды ғой, үкіметтің жұмысын біледі. Ол кісінің үлкен тәжірибесі біздің қаламызға әсер етері сөзсіз», – деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман АЛШАНОВ.
Алматыда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай өңірлік бағдарламасы да қабылданбақ. Мұны «Бәйтерек» холдинг басшыларымен кездесуінде Бақытжан Сағынтаевтың өзі айтты. Жоба кәсіптегі кедергілерді жойып, бизнестің қанат жаюына мүмкіндік береді. Осы орайда әкім «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшыларымен және бизнес өкілдерімен шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша да кездесу өткізді. Онда кәсіпке оң өзгерістер енгізу, инвестицияны арттыру, сервисті экономикада тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша бірқатар жүйелі шаралар ұсынылды. Одан бөлек, жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздарды, әлеуметтік осал азаматтарды, әсіресе жастарды бизнеске тартуға айрықша назар аударылады. Сондай-ақ, мобилді орталықтар құру мен Qolday кәсіпкерлік орталығы бұл істерді шешуге ықпал ететін болады. Ал, Tesla компаниясының өкілдерімен де жолыққан әкім Алматыда сервистік орталық, Tesla Motors шоурумын ашу және электр автомобильдерін қуаттау стансалары инфрақұрылымдарын салу мәселелерін талқылады. Бұл шаһардағы көлік қозғалысы қауіпсіздігін және экологиялық жағдайды жақсартуға мол ықпал етпек.