5 млн 250 мың теңгесі – теледидардан, 200 мың теңгесі – радиодан сөйлеуіне
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне үміткерлердің шығын мөлшерін бекітті. Осылайша әр кандидаттың сайлауалды шараларын, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіне 7 миллион 331 мың теңге бөлінетін болды. Осындай қаулы бүгін комиссияның отырысында қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Кандидаттарға теледидардан 15 минут, радиодан 10 минут, мерзімді баспасөз бен желілік басылымдарда 0,1 баспа парақтан аспайтын екі мақала жариялау үшін бірдей көлемде қаражат бөліну көзделген», – дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила МУСТАФИНА.
Жалпы соманың 5 млн 250 мың теңгесі – үміткерлердің теледидардан сөйлеуіне, 200 мың теңгесі – радиоға сұхбат беруіне бөлінеді. Ал, қалған қаражат өзге шығындарға жұмсалатын болады. Отырыста бұдан бөлек президенттікке үміткердің сайлау қоры туралы да айтылды.
«Біріншіден, кандидаттың өз қаражаты және оны ұсынған республикалық қоғамдық бірлестік бөлінген қаражаттың жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының 12 000 есе мөлшерінен аспайды, бұл – 510 000 000 (бес жүз он миллион) теңге. Екіншіден, республиканың азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылығының жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен 15 000 еседен аспайды, бұл 637 млн 500 000 теңгені құрайды», – деді дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.