Заң жобасы құжаттар тізімінен балаларға арналған қосымша беті бар туу туралы куәлікті алып тастауды көздейді
Қазақстан мен Қырғызстанның 16 жасқа дейінгі азаматтарынан қазақ-қырғыз шекарасынан өтерде туу туралы куәлік сұралмайды. Сенат екі ел үкіметтері арасындағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Хаттамаға былтыр 12 шілдеде Бішкекте қол қойды. Бұл құжат мемлекеттік шекарадан өтер кезде құжаттар тізімінен балаларға арналған қосымша беті бар туу туралы куәлікті алып тастауды көздейді.
"Аталған норма тек Қырғыз Республикасымен жұмыс істейді. Басқа мемлекеттермен бұл норма көзделмеген", - деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Бұл ретте жеке басты идентификациялау механизмі болмайды. Туу туралы куәлік пен қосымша бет шекарадан өткенде сканерден өткізілмейді. Екі елдің кәмелетке толмаған азаматтары шекарадан ұлттық төлқұжатын көрсетіп өтеді.
Айта кетсек, 2006 жылдан бастап бүкіл әлемде шекарадан өту кезінде биометриялық жол жүру құжатын алып жүру міндетті болып табылады. Ал Қазақстанға бұл ереже 2009 жылдан бастап енгізілді. Бүгінгі таңда Қазақстан азаматтарының құжаттары халықаралық биометриялық стандартпен жасалған.