Әкімдер сайлауы ауылдағы ағайынның саяси белсенділігін арттырды
Әкімдер сайлауы ауылдағы ағайынның саяси белсенділігін арттырды. Сарапшылардың пікірі бойынша, саяси партиялар ұсынған үміткер мен өзін-өзі ұсынған кандидат арасындағы бәсекелестік халықтың тұрмыс сапасын жақсартады. Жаңа сайланған әкімдер елдімекеннің өзекті проблемаларын оңтайлы шешуге мүдделі болады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Екі ұсыну формасы арасындағы бәсекелестік біздің жалпы саяси реформаларға, ауылдың проблемаларын жақсы түсінуге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз артынан ауылдың саяси өмірінің, экономикалық-әлеуметтік дамуына үлкен мүмкіндіктер және жағдай жасайды деп сенеміз», – деді ҚР Президенті жанындағы қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Индира Рыстина.
Ал, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров сайлау елдегі нақты саяси реформаның жүзеге асып жатқанының белгісі дейді. Оның сөзінше, саяси реформалар алдымен аймақтарда өтуі керек. Сонымен қатар, сарапшылар елімізде саяси-қоғамдық плюрализмнің негізін қалыптастыруға бағытталған ең негізгі қадамдардың бірі осы сайлау деген ойын білдіруде.
«Жергілікті жердің әлеуметтік, экономикалық жаңағы проблемалардың барлығы әкім және халық бірігіп шешетін болады. Өйткені ол жерде тек қана әкім сайланбайды, сонымен бірге жаңағы жергілікті кеңес бар. Сол жергілікті кеңеспен әкімдіктің инфрақұрылым, жол, көпір немесе сол жердің әлеуметтік инфрақұрылым, амбулатория, библиотека деген сияқты мәселелердің барлығын бірігіп шешетін болады. Яғни, бұл сайлаудан кейін халықтың әлеуметтік жауапкершілігі артады. Сонымен бірге, осы халықтың мәселесін өзі шешуге белгілі бір стимул пайда болады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров