Несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарыздарына байланысты айыппұл, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады
Қазақстандықтардың несие бойынша өсімпұлы кешіріледі, деп хабарлайды Ақорда.
Бұл туралы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» №34 жарлығында түсіндірілген. «2019 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша банктерде және шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азаматтар үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы өсімдері есептен шығарылады», - делінген хабарламада.
Несие алушылардың аталған төлемдерін есептен шығару, ең алдымен, екінші деңгейдегі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі.
Сонымен қатар, несие беруге, несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарыздарына байланысты айыппұл, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады.
«Тұтыну несиелеріне қатысты қалыптасып отырған жағдай қайталанбауы тиіс. Бұл - Президенттің ұстанымы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтуі тиіс», - делінген Ақорда сайтында.