Былтыр аталған нарықта 33 мың адам жұмыспен қамтылған
«Электрондық коммерция - әлемдік тренд». Бүгін үкімет отырысында еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин дәл осылай деп, Қазақстандағы электрондық сауданың болашағы жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, 2025 жылы аталған сауда-саттықтың еліміздегі көлемі 2 триллон теңгеге дейін жетуі мүмкін көрінеді.
«Сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылға қарай электрондық коммерция 2,8 трлн долларға дейін, яғни, қазіргіден 1,5 есеге өседі. Дамыған елдердегі электрондық нарықтың үлесі, мәселен, Қытайда - 21, Еуродақ елдерінде - 15, АҚШ-та - 10 пайыздан астам. Болжамдарға сүйенсек, 2025 жылға қарай Қазақстан интернет алаңдарындағы сатып алу көлемі 153 млрд теңгеден 2 трлн теңгеге дейін өсетін болады. Бұл - жалпы бөлшек сауданың 25 пайызын құрайды», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.
Үкімет басшысы сондай-ақ елімізде электрондық сауданың арқасында жаңа жұмыс орындары құрылғанын мәлімдеді. Мәселен, былтыр аталған нарықта 33 мың адам жұмыспен қамтылған. 2025 жылға қарай тағы 314 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Асқар Мамин осы кезеңге дейін электронды сауда-саттықтың экономикаға тигізетін мультипликативтік әсеріне де тоқталды.
«Жалпы ішкі өнімге жыл сайын қосымша 1,1 пайыздық үлес қосады деп болжауға болады. Осы кезеңге дейін автотасымалдан түсетін кіріс көлемін өсіруге және Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға жүк тасымалдайтын жүк көліктерінің қарқынын тәулігіне 2 мыңнан 21 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік жасалады деп жоспарланды. Жалпы «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» дәлізінің дайын инфрақұрылымы контейнерлік тасымалдар мен логистика өсіміне және тасымалдаушылар үшін үлкен әлеуеті бар бағытқа бастайды», – деді ҚР Премьер-министрі.