Мемлекет басшылары Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған БҰҰ-ның арнайы бағдарламасының саммитіне қатысты
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапармен Бакуге барды. Президентті бауырлас елдің басшысы Ильхам Әлиев күтіп алып, артынша екіжақты кездесу өткізді. Мұнан соң Мемлекет басшылары Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған БҰҰ-ның арнайы бағдарламасының саммитіне қатысты.
2060 жылға дейін Қазақстан көміртекті бейтараптыққа көшеді. Осылай деп бастама ұсынған Қазақстан Президенті баламалы энергия көздеріне алмасу мәселесінде Орталық Азия елдерін күш жұмылдыруға шақырды. Бірлескен істі жандандыру үшін Алматыда арнайы климат мәселелері жөнінде жобалық кеңсесін құру қажет екенін айтты.
– Цифрлық технология және жасанды интеллект саласындағы ықпалдастық кең мүмкіндіктерге жол ашады. Жасанды интеллектінің дәйекті дамуы өндірісті, еңбек нарығын және қызмет көрсету саласын трансформациялау үшін бізге аса маңызды міндет жүктеп отыр. Еліміздегі мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі, ал қолма-қол ақшасыз транзакциялардың үлесі 80 пайыздан асты, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әзербайжан – бізге маңызды және сенімді серіктес қана емес, бауырлас әрі жақын мемлекет. Екі ел арасында алыс-беріс, экономикалық өсім тұрақты. Биылдың өзінде сауда-саттық 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев. «бұл рекордтық көрсеткіш» деді. Мұнымен қоса біздің ел үшін СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттердің байланысы да маңызды екенін атап өтті. Тараптар арасында «Жасыл» дәліз жасау сан саладағы әріптестікті нығайтуға тың серпін беретіндігіне тоқталды.
– Қазіргі таңда Қазақстанның Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысы жақсы деңгейде дамыған. Биылғы жылдың өзінде сауда-саттық 9,2 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл үлкен көрсеткіш. Өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға өскенін байқатады, – деді «Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров
Саммит соңында бауырлас елдің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Артынша қос тарап Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемін ұлғайту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту сынды маңызды мәселелерді талқылады. Сөз соңында Ильхам Әлиев Қазақстан Президентін келесі жылы мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Қазақстанның уақытша бітім жасау туралы соңғы келісімді құптайтынын мәлімдеді