Қазақстан мен Франция қылмыстық істерді бірге тергейді. Қос тараптың өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау жөніндегі заң жобасы Мәжілістің бүгінгі отырысында талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бас Прокуратураның ақпарынша, өткен жылы іздеуде жүрген 50 адам Қазақстанға экстрадицияланған.
"Заңды белден басып қылмыс істеп, қашып кеткендерді өзге елде құрықтау оңай емес",– дейді Әсет Шындалиев.
Осы мақсатта қазір қылмыстық құқықтық салада әріптестікті нығайту үшін Қазақстан 34 мемлекетпен 72 келісімге келген. Алғашқысы – Қазақстан мен Франция арасында жасалды.
"Бұл келісім шарт арқылы банк шоттарын, мүліктерін тінтуге, сондай ақ оларды тәркілеуге болады. Міне осындай мәселелер осы келісім шартта көрсетілген”, – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары.
Мәжіліс сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сотталғандарды өз еліне қайтару туралы шартты қабылдады. Енді Өзбекстанда сотты болған 20 отандасымыз жазасын өз елінде өтеуі мүмкін.
"Аталған құжатқа қол қою үшін бірнеше жыл келіссөздер жүргізілді. Екі ел арасындағы құжаттың тағы бір маңызды тұсы – тек жазалау емес, ортаға тәрбие беру, оңалту" , – деді Әсет Шындалиев.
“Көп жағдайда басқа елде жазасын өтеп жатқандар жергілікті халықтың тілін, салтын білмейді. Ортасы бөлек болған соң, адамдармен қарым-қатынасы қиындайды. Туған жерінен, туыстарынан алшақ болған соң ондай адамды қоғамға қайта бейімдеу оңай болмайтыны белгілі. Отбасынан қол үзбей, жақындарымен кездесіп тұрса, сотталған адамға оң ықпал ететіні сөзсіз. Сотталғандарды түзеудің мақсаты – оны жазалау ғана емес, сонымен бірге тәрбиелік ықпал ету, әлеуметтік байланыстарды сақтау”, – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев.
Сотталғандарды елге қайтару бойынша Қазақстан 21 мемлекетпен жоғарыдағыдай шартты бекіткен.
“Қос тараптық құжат қазынадан қосымша қаражат талап етпейді”, – деді ҚР Бас прокурордың орынбасары.
Мұнымен қоса, Мәжіліс бүгін қазақ-қырғыз шекарасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскесін айқындауға қатысты тағы бір маңызды құжатты қабылдады.