Алматы әкімдігіне жаңа баспасөз хатшысы тағайындалды

09.08.2019 14:45

Алматы қалалық әкімдігінің байланыс қызметінің басшысы, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың баспасөз хатшысы болып Әсет Мұқажанов тағайындалды.

Бұл туралы ол өзінің Инстаграмдағы парақшасында жария етті.

«Достар! Сіздерге Қоғаммен байланыс қызметінің басшысы, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың баспасөз хатшысы ретінде үн қатып отырмын. Алматы қашанда өмірдің барлық саласында ең белсенді болды және солай бола береді. Журналистік қауымдастық осында қалыптасты, тіпті күні бүгінге дейін қаланың БАҚ-да отандық журналистиканың мэтрлері жұмыс жасап жүр. БАҚ-мен өзара тығыз байланыс орнату мақсатында қала әкімдігінде баспасөз-орталығы құрылды, осы пікірталас алаңында басқармалар мен аудандық әкімдіктер басшылары қаланы дамытудың өзекті тақырыптары бойынша нақтылы ақпараттар беретін болады. Мен сіздерді диалогқа шақырамын», - деп жазды Әсет Мұқажанов.

Әсет Мұқажанов 1990 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Бейжің экономикалық университетін «әлемдік экономика» мамандығы бойынша бітірген.

Әр жылдары «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры АҚ, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығында, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде қызмет істеген.

2014-2016 жылдары Коммуникациялар және жаңалықтар басқармасын басқарған. ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінің» ресми өкілі болған. 2016-2019 жылдары ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің құрылымында еңбек еткен.


Теги: акимат