Ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына 4 миллион теңгеден беріледі

Ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына 4 миллион теңгеден беріледі
28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған Президент туларды төмен түсіріп, ойын-сауық шараларын тоқтатуға тапсырма берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы маңында болған ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына 4 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек беріледі. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада апатқа байланысты шұғыл өткізген кеңесте айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған Президент еліміздегі мемлекеттік туларды төмен түсіруге және барлық ойын-сауық шараларын тоқтатуға тапсырма берді.

«Құрметті әріптестер, бүгін таңертең өздеріңізге мәлім ұшақ апаты болды. Соның салдарына 12 адам қаза тапты. Біразы зардап шекті. Бұл – өте ауыр жағдай. Қазақстан халқының атынан және өзімнің атымнан қаза тапқандардың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Қаза тапқандарға және зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл мәселемен Үкімет айналысады. Ал енді қайтыс болғандарды орнымыздан тұрып бір минут еске алайық», - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы кеңес барысында ұшақ апатына соқтырған себептерді сапалы әрі объективті түрде тексеруге, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қоғамын білікті мамандармен қамту жұмыстарын толық аяқтау шараларын қабылдауға және қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру үшін барлық әуе компанияларының жұмыстары мен авиациялық инфрақұрылым нысандарын тексеруге тапсырма берді. Одан бөлек, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апатына соқтырған себептерді анықтау, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту, сондай-ақ, Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын зерттеу жөнінде шара қабылдауды жүктеді.

Новости партнеров