|
Саясат
02.05.2019 | 18:54

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Алматы облысындағы жұмыс сапарын қорытындылады

Мемлекет басшысы бірнеше нысанды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Алматы облысындағы жұмыс сапарын қорытындылады Akorda.kz

Алматы қаласынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары Алматы облысында жалғасты. Президент Талдықорғандағы салтанат сарайында жетісулық жұртпен кездесіп, қаладағы бірнеше нысанды аралады деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жетісу жерінің тарихи тамыры терең екенін атап өткен Президент облыстың қайта жаңғырған Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Маңызы зор бұл кездесуге зиялы қауым, ардагерлер мен кәсіподақ ұйымдары, іскер азаматтар мен белсенді жастар қатысты.

Президент ең бірінші өңірді сапалы ауыз сумен қамту, апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесін және облыстағы медициналық қызмет көрсету сапасының төмендегені секілді шұғыл шешімді қажет ететін мәселелерге назар аударды. Сонымен қатар, мемлекет басшысы әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарды баспанамен қамту мәселелеріне де ерекше тоқталды.

«Баспана кезегінде әлі 41 мың адам тұр. Оның 11 мыңы – бірінші кезекте мәселелері шешілуі тиіс тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар. Сондай-ақ, осы тұста жас мамандар мен жас отбасылар үшін тұрғын үй құрылысын да қарқынды жүргізу қажет. Әкімдік жас мамандарды баспанамен қамту үшін өзге өңірлердің үлгісімен «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаны жабатын тұрғын үй сертификаттарын беру тетігін іске қосуы қажет», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Жиыннан соң Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. 2017 жылы іске қосылған бұл орталық енді бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істемек. Кәсіпкерлерге қажет барлық мемлекеттік әрі қаржылық құрылымдар осы жерде орналасады. Сондай-ақ, Президент «Қайнар» аккумулятор зауытында болып, өндіріс барысымен танысып, зауыт жұмыскерлерімен жүздесті.  

Ал, бір күн бұрын Алматыдағы іс-сапары барысында Қ.Тоқаев Біріккен Ұлттар ұйымы орналасқан жаңа ғимаратты аралап көрді. 17 аймақтық бөлімшесі бар кеңсе барлық халықаралық талаптарға сай салынған. Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы қағидаттарын толықтай ұстанатынын және халықаралық қауымдастықпен қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, адам құқықтарын қорғау мақсатындағы өзара іс-қимылдарын белсенді түрде жалғастыра беретінін айтты.

«Бұл тамаша ғимарат Біріккен Ұлттар ұйымының мүдделері үшін қызмет ететін болады. Біріккен Ұлттар ұйымы – барлық ел үшін ортақ үй. Біздің ынтымақтастығымыздың арта түсетініне сенімдімін. Әлем қауіпсіздігі жолында Біріккен Ұлттар ұйымының Қазақстандағы қызметін қолдай береміз», – деді Президент.

Заманауи архитектуралық нысан жалпы аумағы 28 мың 348 шаршы метрді алып жатыр. Ғимаратта ұйымының өзі және әкімшілік бөлімі орналасқан.

«Бұл жерде алдағы уақытта Халықаралық ұйымның бірқатар агенттіктері, соның ішінде балалар қоры да жұмыс істейді. Ғимарат өте тамаша. Жұмыс істеуге қолайлы. Түрлі кездесулер мен маңызды басқосуларды өткізуге ыңғайлы. Алматы халықаралық орталық мәртебесіне ие, сондықтан бұл ұйым осы қаладан ашылып отыр, – деді БҰҰ Балалар қорының өкілі Юрий ОКСАМИТНЫЙ.

Айта кетуіміз керек, бүгінде Алматыда тұрмысы төмен отбасыларға тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Мұны көзбен көру үшін Президент Тоқаев Қазақстанда алғаш болып ашылған «Бақытты отбасы» аналар орталығына барды. Мұнда көпбалалы аналарға психологиялық, құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріліп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың өмір сүру сапасын арттыру жолында жұмыс істейді.

Жалпы, Алматыда 14 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Олардың 5 мыңға жуығы – аз қамтылған отбасынан. Бүгінде солардың мыңға жуығына алғашқы атаулы әлеуметтік көмек берілген. Бұл 89 миллион теңге. Осы көмекке ілігу үшін өткен айдың басынан бері 4 мың адамнан өтініш келіп түскен. Оның 3 мыңы жаңа формат арқылы берілетін көмекке лайық деп танылды. Мамыр айында тағы да, 800-ден астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек беріледі.

Өз кезегінде қаншама қайырымдылық істерге ұйытқы болып жүрген еріктілер де мемлекет басшысына өз жобаларын таныстырды. Олар көмекке мұқтаж жандарға, зейнеткерлерге, тіпті жануарларға да көмек көрсетіп, тіл үйренемін деушілер үшін үйірмелер ашып, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік жасап келеді.

«БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеген кезімде волонтерлік жұмысқа көп көңіл бөлдім. Біз көптеген елдердің еріктілерін жинап форумдар ұйымдастырдық. Қазақстан Парламентінде істегенде волонтерлік туралы заң қабылдадық. Мемлекет тарапынан бұл қозғалысқа қолдау көрсетіп, дамыту үшін барлық жағдай жасалып жатыр», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Осы сапарында Президент урбанистика орталығына да ат басын бұрды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа цифрлық геоақпараттық орталықтың, «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының, Алматы даму орталығының және «Open Almaty» қоғамдық қабылдауының жұмыстары көрсетілді. Мемлекет басшысына Алматы индустриялық аймағындағы негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндалды. Мұнда жапон, корей, қытай, неміс және басқа да шетелдік инвестициялар есебінен 5 мың жұмыс орны ашылған. Ол жерде құны 144 миллиард теңге болатын 39 жоба іске асырылып жатыр.

Мегаполисте жұмыс істеуге құлықты шетелдік инвесторлардың қатары күн санап артып келеді. Соңғы 3 жылда 5 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылыпты. Қазір Алматыда Жапония, Корея, Қытай және Германиядан келген қаржыгерлер жұмыс істеп жатыр.

Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

МАҚАЛАДА

ООН