Алматыда мегаполистің жаңа мүмкіндіктерін талқылауға арналған жиналыс өтті

17.01.2020 01:43

Онда "Қаланың ерекше мәртебесі туралы" заң түсіндірілді

Кез келген ағашты кесу әкімдіктің рұқсатымен жүзеге асады. Тіпті ауырып тұрған жасыл желекке тиісуге құқығыңыз жоқ. Жасыл экономикаға қатысты заңның қатаңдатылғаны қуантады дейді эколог мамандар. Бұл, Алматы қаласының мәртебесі туралы заңына енген өзгерістер. Құжатта ағаш отырғызудың стандарттары және нұсқаулықтары көрсетілген. Бүгін, қалалық Нұр отан партиясының филиалында Бақытжан Сағынтаев ұсынған қаланың ерекше мәртебесі туралы заңды жауаптылар кеңінен түсіндірді. Олардың айтуынша, құжат заман талабына сай етіп жасалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

«Басқа басқармаларға қарағанда біздің тарапымыздан бір норма енгізілген болатын. Соның өзі бізді қуантады. Біз енді жасыл желекті қорғауда өзіміздің ережемізді орнатуға мүмкіндік алдық. Қазір жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына, белсенді қоғам мүшелері, дендролог және ғалымдар кірген. Өздеріңіз білесіздер, ескі ереже 10 бет болған еді. Қазір жаңа ереже 110 беттен тұрады. Яғни, жасыл экономикаға қатысты барлық мәселелер қамтылған», - деді қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы  Ержан СЕЙТЕНОВ.  

Келелі кездесуде қаланың архитектуралық келбеті де сөз болды. Тұрғын үйлердің қасбеті бірдей болмақ. Сонымен қатар, шеткі аудандар мен қаланың ортасы қатар дамиды. Алматының ерекше мәртебесі туралы заңы аясында, ақылды бағдаршамдар да орнатылмақ. Смарт құрылғылар кептелісті өздері анықтап, автоматты түрде жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде, жол апатының санын азайтуға септігін тигізеді, - дейді бастамашылар. Жиын барысында ақылы автотұрақ тақырыбы да сөз болды. Жауаптылардың айтуынша, дифференциалды тариф орнатылмақ екен. Аталған мәселе талқылануда. Жаңа құжатта кәсіпкерлердің жұмысын оңтайландыратын бөлімдер қарастырылған.

«Біз қазір жазғы сауда орындарына қатысты жаңа ереже дайындап жатырмыз. Шетелдік тәжірибе назарға ала отырып әзірленуде. 2017 жылы қалада 2 мыңнан аса заңсыз сауда орындары анықталды. Олар жеке меншік және мемлекеттің жерінде тұрып алған. Біз осы екі жылдың ішінде жабайы сауда орындары жойылды. Қазір кәс іпкерлер палатасымен ақылдасып, жаңа талаптар мен стандарттар орнатып жатырмыз. Ақпан айына дейін қоғам талқылауына ұсынамыз», - деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестиция басқарма басшысының орынбасары Қанат САҒЫНДЫҚОВ.