Қазақстан трансшекаралық суларды оңтайлы пайдалану жайлы келісімді қабылдады

01.03.2024 00:27

Су тапшылығы қазіргі күні Қазақстанды ғана емес, Орталық Азия елдерін ойлантып тұрған мәселе

Almaty.tv

Қазақстан су дипломатиясы бойынша жұмысты күшейтеді. Енді еліміз көршілес ағайындармен трансшекаралық өзендерді басқаруда ынтымақтасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін Сенат қабырғасында шеттен келетін тіршілік нәрін оңтайлы пайдалану туралы келісім қабылданды. Маңызды құжат су тапшылығын жойып, өзгеге алақан жаюдан арылтуға мүмкіндік жасайды.

Су тапшылығы қазіргі күні Қазақстанды ғана емес, Орталық Азия елдерін ойлантып тұрған мәселе. Болжамға сүйенсек, алдағы 16 жылда тіршілік нәрінен тарығу 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екен. Өткен жаз оңтүстіктегі диқандарды біраз әбігерге салғаны белгілі. Жағдай биыл да қайталанбас үшін Мәжіліс бастап, Сенат қостап, трансшекаралық өзендерге қатысты келісім әзірледі. Енді біздің ел ала шапанды ағайындармен алып айдындарды бірлесіп басқарады.

«Конференцияға қосылудың негізгі факторларының бірі – Өзбекстанмен шекаралық өзен, бассейндеріне гидротехникалық құрылыстар салу жөнінде жоспарланған іс-шараларды үйлестіру, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су айдындарын бірлесіп басқару және пайдалану», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев.

Өзен-су айдындарын бірлесіп басқару келісіміне әзірге Өзбекстан ғана еніпті. Өткен жылы шаруаларды шулатқан Шу мен Талас торабы бойынша дипломатиялық байланыс енді жүргізілмек. «Әзірге біздегі бары құқықтың негіз ғана» деді министрлік өкілі.

«Қырғыз тарапымен Шу, Талас өзендері бойынша арнайы комиссия бар. Жылда екі рет комиссия отырысы болады. Вегитация кезінде лимиттер мен нормалар қарастырылады», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші вице-министрі Болат Бекниязов.

Бүгінде елдегі су ресурстарының 80% шекара асып келеді. Қазақстан – трансшекаралық өзен-көлге тәуелді елдің қатарында. Сондықтан көрші жатқан Өзбек елімен өзен-көлді бірлесіп басқаруға ынтымақтасу тегіннен тегін емес. Келісім екі жақтың су шығыны мен тұтыну бойынша ақпарат алмасып, өзара әрекет етуіне бағытталған. Жоғары палата жиынында сенаторлар құрып бара жатқан Жайықтың да жағдайына алаңдаушылық білдірді. Өзен суы соңғы 15 жылда 3 есеге азайды деген депутаттар министрліктен шара қолдануды сұрады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы