Қырғызстан үкіметі отставкаға кетті

09.10.2020 23:12

Артынша президент елде қалыптасқан саяси жағдайға байланысты халыққа үндеу жолдады

kabar.kg

Қырғызстан үкіметі отставкаға кетті. Осы елдің президенті Сооронбай Жээнбеков министрлер кабинетін тұтастай қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Артынша президент елде қалыптасқан саяси жағдайға байланысты халыққа үндеу жолдады. Онда елдегі саяси жағдайдың тығырыққа тірелген айта келе, жүзеге асырылуы қажет шараларды жіпке тізді. 

Ол жаңа парламент сайлауының белгіленуі саяси тартыстың бәсеңдеуіне сеп болады дейді. Ал премьер-министр мен үкімет мүшелерін отставкаға жіберу жаңа тағайындаулар жасауға мүмкіндік беретінін алға тартады. Президент барлық саяси күштерді елде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға, халықты бөліп-жарып, араға іріткі салмауға шақырды. Еске сала кетейік, көрші елде өткен дүйсенбі күні парламенттік сайлаудың қорытындысы жариялана салысымен наразылық шерулері басталып, оның соңы қақтығысқа ұласты. Қазанның 6-сы күні премьер-министр Куатбек Боронов қызметтен босату туралы өтініш білдірді.