Өткен аптада таратылған Үкімет бүгін қайта жасақталды
Қазақстанның жаңа премьер-министрі – Асқар Мамин. Өткен аптада таратылған Үкімет бүгін қайта жасақталды. Елбасы ұсынып, депутаттар қолдауымен жүретін тағайындау процесінде Маминның орынбасары болып екі экс-министр тағайындалды. Ал кейбір ведомство басшыларының орынтақтары ауысқан жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дүйсенбіде әдетте Үкімет сағаты өтетін Парламент мәжілісі журналистер үшін жабық болды. Бүгін, яғни 25-ші ақпанда онда жаңа Үкімет жасақталды. Бұған дейін уақытша премьер-министр міндетін атқарған Асқар Мамин нақты осы қызметке кірісті. Оның бірінші орынбасары болып Қаржы министрі Әлихан Смайылов қала береді. Бұдан басқа, Үкімет басшысының көмекшілері немесе орынбасарлығына Индустрия мен инфрақұрылымға жауапты болған Жеңіс Қасымбек пен экс-мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова тағайындалды.
«Бұрынғы Үкімет отставкаға кетті. Осыған байланысты сіздерге жаңа премьер-Министр Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынып отырмын. Оның мол тәжірибесі бар. Ширек ғасырдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қала әкімі, көлік министрі, премьер-министрдің бірінші орынбасары болды. Оның жетекшілігімен, әсіресе инфрақұрылымды дамыту саласында көп жұмыс атқарылды», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Ал Үкіметтің экс-басшысы Бақытжан Сағынтаевтың орынбасары болған Ерболат Досаев өз еркімен Ұлттық банк төрағасы қызметінен отставкаға кеткен Данияр Ақышевтың орнына келді.
Ал министрлерге келсек, біріншіден, өз орнын сақтап қалғандар – Мәдениет пен спортқа жауапты Арыстанбек Мұхамедиұлы, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Сонымен қатар, жақында ғана өз қызметіне кіріскен Ішкі және Сыртқы істер министрлері, яғни Ерлан Тұрғымбаев пен Бейбіт Атамқұлов өз жұмыстарын жалғастыра береді. Ал Қорғаныс пен Әділет министрлерінің де орынтағы ауыстырылған жоқ.
Енді жаңадан келгендерді тізбектесек. Ел сынына көп ұшырап, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Мәдина Әбілқасымова кетіп, Елбасы жарлығымен, оның орнына бұрынғы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Ал ауылшаруашылық саласын Сапархан Омаров басқарады. Сонымен қатар, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің құрылымы Ақпарат және қоғамдық даму болып өзгеріп министрлікке Дәурен Абаев, ал Асқар Жұмағалиев Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібіне жетекші болды. Индустрия және инфрақұрылым министріне Роман Скляр, Ұлттық экономика министріне Руслан Дәленов келді.
«Қазіргі Үкіметке, жалпы мемлекеттік басқару жүйесіне сондай жаңаша бір талаптар қойылып отыр. Яғни, қазіргі заманауи талаптарға байланысты ақпарат министрлігі де қызметін жаңартуы тиіс. Соған байланысты мемлекеттік қызметкерлердің сапасын арттыру, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін жоғарылату керек деген ұсыныстар қазан айында да айтылған болған», – деді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсия НАЗАРБЕТОВА.
Айта кетейік, өткен бейсенбіде президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті отставкаға жіберген еді. Жаңа премьер-министр мен оның қоластындағыларға Елбасы азаматтардың әлеуметтік мәселесін шешуді, аймақтардағы саяси жұмысты жақсартуды тапсырған болатын. Еске салсақ, енді бұрынғы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев министрлер кабинетін екі жылдан артық басқарды. Бүгінгі отырыста Елбасы Сағынтаевтың жасаған жұмысына өз ризашылығын білдіргенін де айта кеткен жөн.
Сонымен, Үкіметтің Елбасы бекіткен жаңа құрамы мынадай болды:
Асқар Мамин – ҚР Премьер-министрі;
Әлихан Смайылов – ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі;
Жеңіс Махмұдұлы – ҚР Премьер-министрінің орынбасары;
Гүлшара Әбдіқалықова – ҚР Премьер-министрінің орынбасары;
Бейбіт Атамқұлов – ҚР Сыртқы істер министрі;
Нұрлан Ермекбаев – ҚР Қорғаныс министрі;
Ерлан Тұрғымбаев – ҚР Ішкі істер министрі;
Дәурен Абаев – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі;
Марат Бекетаев – ҚР Әділет министрі;
Елжан Біртанов – ҚР Денсаулық сақтау министрі;
Арыстанбек Мұхамедиұлы – ҚР Мәдениет және спорт министрі;
Асқар Жұмағалиев – ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;
Қанат Бозымбаев – ҚР Энергетика министрі;
Бердібек Сапарбаев – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;
Сапархан Омаров – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі;
Руслан Дәленов – ҚР Ұлттық экономика министрі;
Роман Скляр – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;
Сонымен қатар, Ерболат Досаев Ұлттық банк төрағасы болып тағайындалды. Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Данияр Ақышев қызметінен босатылды.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана