«Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енді. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімдігінде өткен баспасөз жиынында белгілі болды. Заң аясында қала құрылысында теңгерімсіздік пен ретсіздікті болдырмауға мүмкіндік беретін стандарт жасалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жасыл экономика саласындағы жаңа технологияларды ынталандыру шаралары әзірленетін болады. Тағы бір айта кететін жайт, бұдан былай жасыл желекті күтіп бағу ережелерін бекіту Алматы әкімдігінің құзырына беріледі.
Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы заңына 28 ұсыныс енгізілді. Оның дені - экология мәселесіне, қаланың құрылысына және әлеуметтік салаға берілмек. Одан бөлек қаланың дизайн коды да назардан тыс қалмады.
Алматы қаласы үшін жеке ережелер мен талаптарды қабылдауға мүмкіндік беретін норма енгізілді. Онда сәулет және қала құрылысы қызметін іске асыру кезінде теңгерімсіздік пен ретсіздікті болдырмауға мүмкіндік беретін стандарт жасалады. Сондай-ақ, жазғы алаңдарды орнату бойынша да жаңа үрдістер қаралмақ. Бұл өз кезегінде бизнес-ахуалды жақсартып, көлеңкелі экономиканы төмендетуге мүмкіндік береді.
«Орта, шағын бизнеске, бағана айтып кеткендей, жазда орналастырылған кішкентай ресторан, кафелеріміз бар, сол бабында, бір ереже болғаннан кейін жеңілдік болады. Жалпы бизнес өкілдері білетін болады, қай жерге не қою керек, қандай түс керек, жарнаманы қай жерге қоюға болатыны жайлы. Осы компетенцияны пайдаланып, біз де қаламызды экология жағынан дамытуға үлес қосамыз деп ойлаймыз», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит ӘЗІРБАЕВ.
Маңызды құжатта белгіленген компетенциялар бұл жолы да халықпен ақылдасып шешілетін болады. Әзірге бағдарлама әзірленіп жатыр. Әйтсе де, 2050-інші жылға дейін қабылданған стратегия бағдарламасындағыдай, әр жеке құжат бойынша сайт ашу да жоспарланып отырған көрінеді.
«Заңда көрсетілген барлық мәселелер бойынша біз бірінші кезекте халықпен ақылдасатын боламыз. Стратегиядағыдай, барлық маңызды бағдарламалар жұртшылықпен кеңесіп шешіледі. Қызығушылық татынып отырған құрылымдар мен бизнес өкілдері де атсалысады», - деді «Алматы қаласының даму орталығы» АҚ басқарма төрағасы Санжар ІЗТІЛЕУОВ.
«Алматы қаласының ерекше мәртебесі» туралы заңы жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қабылданып, бекітілген болатын. Құжатта сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары, жасыл қорды сақтау, кәсіпкерлік, коммуналдық меншікті басқару, Көлік және әлеуметтік салаларды дамыту бойынша біршама өзгерістер қарастырылған. «Бұл қала тұрғындарын қолайлы жағдаймен қамту үшін жасалып отыр», - деді әкім орынбасары.
«Заң негізгі құзыреттіліктермен қатар, көлік, жұмыспен қамту саясаты, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелерін дамыту мүмкіндігін қарастырады, олар қаланы дамытуға, сапалы қалалық орта құруға, қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға, бизнесті дамытуға бағытталады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит ӘЗІРБАЕВ.
Қазір 28 ұсыныс бойынша кесте дайындалып жатыр. «Алматы қаласының ерекше мәртебесі» туралы Заңда көрсетілген ең негізгі мәселелер жақын уақытта нақтыланбақ. Құжат қала мәслихатымен бекітілетін болады. Ал ертеңнен бастап аталған заң күшіне енеді.
Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.