Президент Парсы шығанағындағы жағдайға қатысты кеңес өткізді

08.01.2020 23:31

Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы шиеленіскен ахуалға алаңдаушылық білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парсы шығанағындағы жағдайға қатысты кеңес өткізді. Жиында Таяу Шығыстағы елшіліктердің және еліміздегі шетелдік өкілдіктердің қауіпсіздігін барынша нығайтуды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, еліміздің ұлттық мүддесіне қатысты маңызды ақпараттарды алу және талдау жұмыстарын күшейту керектігін қадап айтты. Президент шиеленіскен ахуалға алаңдаушылық білдіріп, қатысушы тараптар барынша ұстамдылық танытуы керек деді. Мұндай қақтығыстарды дипломатиялық тұрғыда, Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесе отырып, екіжақты келіссөздер арқылы реттеуге болатынын жеткізді. Егер Халықаралық жағдай шиеленісетін болса Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қорғаныс әлеуетінің күшеюіне ерекше көңіл бөлінбек.