Әр кандидатқа бұрын тек бір сұрақ қойылса, енді екі сұрақ қойылмақ
Кандидаттар қатысатын бұл жолғы пікірталас ауқымы бұрынғыдан кеңірек болмақ. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бес күннен кейін өтетін дебат үш раундқа созылады. Алғашқы кезең екі турға бөлініп, оның біріншісінде әрбір қатысушы сайлау алдындағы өз бағдарламасын таныстырса, екінші турда қарсыластарымен «сұрақ-жауап» пікір сессиясын өткізеді.
Айта кетейік, әрбір кандидатқа бұрын тек бір сұрақ қойылса, енді екі сұрақ қойылмақ.
Екінші раунд та екі бөлімнен тұрады. Ең алдымен кандидаттарға «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңғыруы» тақырыбы беріліп, оны қатысушылар әрі қарай өрбітуі тиіс. Екінші турда жүргізушілердің барлық қатысушыларға бір сұрақ қоюы жоспарланған.
Ал, қорытынды раундта қатысушылар тікелей сайлаушыларға арнап сөз сөйлейді.