Тұңғыш Президент өз мақаласында ауыз толтырып айтар табыстарымыздың да аз еместігін жеткізді
Президент ауысады, бірақ Тәуелсіздік мәңгілік болуы керек! Осылай деген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек деді. Қоғамдық-саяси өзгерістерді де тілге тиек етті. Елбасы көршілес жатқан мемлекеттердің жағдайына тоқтала келе, «Береке-бірліктің қадірін білуіміз керек» дегенді айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
30 жыл адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін үлкен белес, асқаралы асу. Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады деген Елбасы қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасаттың арқасында қол жеткізілгенін алға тартты.
«Тәуелсіздік тағылым» мақаласы тек қана бір науқаншылдық немесе бір кезекті жарияланған дүние емес, тәуелсіздіктің қалай жарияланғанын жас ұрпақтың санасына енгізу сипатында жарияланған дүние», – деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.
«Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ». Осылай деген Елбасы Тәуелсіздік – сол киелі қанның өтеуі деді. Ал мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп жазып отырғанын жеткізді.
«Осы мақалада Елбасы өз басынан өткен жағдайларды бізге жеткізіп отыр. Сондықтан бұл мақаланы студенттер мен өзге жастардың рухани байлығын арттырып, отансүйгіштігін ояту үшін осы мақаланы мектептерде, жоғарғы оқу орындарында оқытуымыз керек», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов.
Сонымен қатар Елбасы жүйелі түрде халықаралық келісімшарттар жасасып, мемлекеттік шекарамызды түпкілікті айқындап алдық дейді. Бұл да еліміздің үлкен жетістіктерінің бірі болғанын айтады. Осылайша, бабалар аманатын орындау үшін қолға алынған істі ақырына дейін жеткіздік.
«Тәуелсіздік те бақыт сияқты. Бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Отыз жыл ішінде біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік» дей келе, Тұңғыш Президент ауыз толтырып айтар табыстарымыздың да аз еместігін жеткізді.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан