Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты
Алматы – ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы атанбақ. Мұндай ұсынысты бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұйымның кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қазақстандағы туризмді түлету мәселелеріне тоқталды. Ұйым аумағында «Шанхай ынтымақтастық ұйымының киелі орындары» жобасын қолға алуды ұсынды. Бастама аясында ұлы ойшыл Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің таныстырылымын жасау жоспарланған. «Тарихи тағылымды шаралар халықтартың көпжылдық бірлігін бекемдей түседі» деді Президент.
– Ел мен халық арасын жақындатудың тағы бір тиімді тетігі – туризм. Дүниежүзі халқының 45 пайызын қамтитын Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы кеңістігі әлеуеті әлі толық пайдаланылмаған алып туристік нарық саналады. Мұны мойындау керек. Қазақстан бұл бағыт бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр. Былтырдан бастап елімізде Үндістан, Иран және Қытай азаматтары үшін визасыз режим енгізілді. Бұл шара мемлекеттер арасындағы туризмді дамытуға ықпал етеді, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ басқосуда Президент ШЫҰ-ның жаңа даму стратегиясын қабылдауды ұсынды. Маңызды бастама ұйымның әлеуетін күшейтуге жаңа серпін беретінін атап өтті. Қазақстан аталған тұжырымдаманың жобасын әзірлеп қойғанын жеткізді.
– ШЫҰ-нық жаңа даму стратегиясын қабылдайтын уақыт келді деп ойлаймын. Қазақстан аталған құжаттың жобасын әзірледі және оны алдағы төрағалық ету кезінде таныстыруды жоспарлап отыр. Жаңа стратегияда өзара ынтымақтастығымыздың анағұрлым перспективті бағыттары бойынша ШЫҰ-ның күн тәртібін кеңейту көзделген, – деді Мемлекет басшысы.