Биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тауар айналымы рекордтық көрсеткіштерге жетуі мүмкін. Бұл туралы қос елдің қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумында айтылды. Биылғы жеті айда екіжақты тауар айналым 34 пайызға артып, 14 млрд АҚШ долларын құраған. Бұдан бөлек, онлайн режимде өткен шарада экология мәселесі жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Орыс елінің экономикасына Қазақстан 4,5 млрд доллар инвестиция құйған. Ал біздің елде 7,5 мыңнан астам ресейлік және 3,5 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жемісті жұмыс істеп тұр.
«Бірлескен ынтымақтастық жылдары ішінде форумымыздың аясында шамамен 200 келісімге және келісімшартқа қол қойылды. Осы кезеңде тауар айналымы 3,5 есеге артып, 19 млрд долларға жетті. Ресейден тікелей инвестция көлемі соңғы 15 жылдың ішінде 16 млрд доллардан асып жығылды. Өз кезегінде, Ресейге құйылған қазақстандық инвестиция көлемі 4,5 млрд долларға жуықтады. Бұл айтарлықтай қомақты цифр», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шара барасында экологиялық мәлелер талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Жайық өзенінің өте қатты тартылуы және ондағы экологиялық жағдайдың нашарлауы Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ, Ресейдің де шекаралас аймақтарындағы тұрғындар үшін аса қауіпті екенін айтты.
«Владимир Владимирович, 2019 жылы Омбы қаласындағы кездесуіміздің қорытындысы бойынша Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды. Сол үшін Сізге алғысымды білдіремін. Үкіметтерімізге аталған бағдарламаның сапалы іске асырылуы жайында, сондай-ақ бір жылда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама әзірлеуді тапсыруды ұсынамын. Шағын өзендердегі бөгеттердің құрылысы мен оларды пайдалану тиімділігіне қатысты мәселеге, сондай-ақ жаңа тоғандар құрылысын ұйымдастыруға ерекше мән берген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мақсатында теңіздің солтүстігінде мемлекеттік резерваттар құру мүмкіндігін, сондай-ақ, киіктердің маусымдық қоныс аударуы кезінде екі елдің шекарасынан еркін өту жолын қамтамасыз ету мәселелерін қарастыру ұсынылды. Мемлекет басшысы екі елдің жаңаратын әрі баламалы энергетиканы дамыту үшін зор әлеуеті барын айтты. 2030 жылға қарай Қазақстан жаңаратын энергия көздерін елдің энергия балансында қазіргі 3 пайыздан 15 пайызға дейін арттырады. Ал өз сөзінде Ресей Қазақстанға АЭС салуға жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді.