Мықты армия – ел қауіпсіздігінің кепілі: Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

20.05.2021 01:16

Қазіргі жағдайдағы әскери құрылым мен Қарулы Күштердің конфигурациясында жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет

elbasy.kz

Мықты армия – ел қауіпсіздігінің кепілі. Бүгін Кеңесінің отырысында Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды 2030 жылға дейін құру және дамыту тұжырымдамасының жобасы қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ, шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кеңес төрағасы ел дамуының күрделі сыртқы жағдайлары, ең алдымен, коронавирус инфекциясының жаһандық пандемиясының әлеуметтік-экономикалық салдарымен байланысты екенін атап өтті. Қазіргі жағдайдағы әскери құрылым мен Қарулы Күштердің конфигурациясында жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет деді.

«Қазақстан, өздеріңіз білесіздер, кез келген жанжалды бейбіт жолмен шешу саясатын ұстап келе жатыр. Көршілермен түсінушілік бар. Оның үстіне шекарамызды шегендедік. Сондықтан бүгінде қауіп жоқ сияқты көрінеді. Бірақ мықты армия  ел қауіпсіздігінің кепілі саналады. Келесі жылы тәуелсіз Қазақстанның Қраулы Күштерінің 30 жылдығын атап өтетін боламыз. Осы уақытта құрлықтағы, судағы, әуедегі, кейбір кеңістіктегі қауіп-қатерге тұра алатын жауынгерлік әзірлігі жоғары әскер құрдық», – деді Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы бүгінде асимметриялық және гибридті қатерлерді тойтаруға дайындық, жаңа технологияларды енгізу және әскери процестерді басқаруды автоматтандыру маңызды болып отырғанын мәлімдеді. Қарулы Күштеріміз ары қарай да егемендік пен аумақтық тұтастықты, ұлттық мүдделерді қорғауға қабілетті болуы керектігін айтты. Сонымен қатар, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.

«Шекараны қауіп-қатердің барлық түрлерінен сенімді қорғауды қамтамасыз ету қажет. Шекара қызметі мен Қарулы Күштердің құрылысы үндестірілуге және бірыңғай стандарттар бойынша жүргізілуге тиіс. Сонымен бірге, біз шекаралық қауіпсіздік мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарауымыз керек. Біріншіден, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде алғы шептегі маңызды сала саналатын шекара қызметін дамыту және нығайту қажет. Екіншіден, шекараны қорғау үшін цифрлық технологияларды қоса алғанда, озық нысандар мен әдістерді қолдану керек. Үшіншіден, шекаралық бақылауға заманауи тәсілдерді енгізу міндеті қойылады», – деді Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев.