Қазақстанда «Тоқаевтың реформаларын қолдау қозғалысы» құрылды. Қоғамдық қозғалыс құру туралы бастаманы зиялы қауым, ақын-жазушылар, мәдениет және спорт қайраткерлері көтерген еді. Осыған байланысты белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов пен «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай өз ойын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ринат Зайытовтың айтуынша, 7 жыл сайын Президент ауысқан жағдайда реформаны іске асыратын қоғам тәрбиелеуіміз керек.
«Кез келген реформа, Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформасы ма, басқа адамның ба, мәселе кімдікі дегенде емес, реформаны кімдер жүзеге асырады деген сөз. Жолдауда айтылған пікірдің бәрі көңілге қонымды ой, бірақ оны жүзеге асыратын нақты адамдар керек. Кез келген сала реформалауға ат салысу қажет. Жолдауда айтылған сөздердің өзімізге қатысын алып, сол бойынша жұмыс істеуіміз керек. 7 жыл сайын Президент ауысқан жағдайда, соның реформаларын іске асыратын қоғам тәрбиелеуіміз керек. Реформаны Президент ұсынғанымен, оны іске асыратын қоғам», – деді Ринат Зайытов.
Ал «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай ең басты мәселе – тұрақтылық, негізігі мақсат – жүргізіліп жатқан істерді халыққа жеткізу екенін атап өтті.
«Ең басты мәселенің бірі – тұрақтылық. Тұрақтылық мемлекеттің тәуелсіздігін сақтайды, тыныштықты қамтамасыз етеді. Сондықтан Президент айтқан сайлау өткізу және 7 жыл мерзімді біз де қолдаймыз. Президент Ұлытауда өткен Құрылтайда «Мемлекеттік басқару ісіне жастардың арласу, халықтың қатысу тетіктерін жасаймыз» деді. Мажоритарлық сайлау әдісін енгізді. Айтылған сөз нақты іспен жалғасып жатыр. Кемшіліктер де бар. Кемшілік жүре түзеледі. Президент халыққа қарады. Біз осы бағытты алып кетуіміз керек. Біз Президентті үміткер ретінде көріп отырмыз. Партияның атынан осы ұстанымды қолдаймыз. Біздің мақсат – жүргізіліп жатқан істерді халыққа жеткізу. Отыз жыл бойы тот басқан нәрсені ешкім бір күнде өзгерте алмайды. Уақыт керек. Біз сияқты қоғамдық орындар бақылаушы боп отыр», – деді «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай.