Ресми шарада Президент 27 әскери институт пен академия курсанттарына офицер шенін табыс етті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты ту көтеру рәсіміне қатысып, елорданың туған күнін тойлау басталғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жыл сайын елорда күні қарсаңында өтетін шарада мемлекет басшысы көк тудың маңыздылығы мен бейбіт күннің қадірі жайында айтты.
«Егемен еліміздің бейбіт аспанында желбіреген көк туымыз – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. «Туған жерге туыңды тік деген» деген даналықтың мән-маңызы да осында. Себебі біз – қасиетті топырағын қадір тұтатын, туын әрқашан биік ұстайтын елміз. Елорда күні қарсаңында салтанатты ту көтеру рәсімі өздеріңіз сияқты ел қорғаны болатын азаматтардың алдында өтуде», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ
Ресми шарада Президент 27 әскери институт пен академия курсанттарына офицер шенін табыс етті. Нұр-Сұлттаның кезекті туған күні қарсаңында өткен шарада Қасым-Жомарт Тоқаев ірі халықаралық шаралардың, геосаяси ахуалды қарастыратын басқосулардың астанамызда өтуі жайдан-жай емес деді. Президент бас қаламызды «бір ел, бір халық, бір ұлт болып жұмылған еліміздің жүрегі» деп атады.