Бүгінде атаулы әлеуметтік көмекті 240 мың отбасы немесе 1 миллион 400 мың адам алады
Елімізде сәуір айынан бастап 240 мың отбасыға беріле бастаған Атаулы әлеуметтік көмекті 2000-нан астам адам заңсыз алып келген. Тіпті олардың арасында бұл қаражатқа қол жеткізу үшін жалған құжат жасатқандар да бар. Ал ең сорақасы, оларға кейбір шенеуніктердің қолғабыс еткені белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Үкіметте осындай мәлімдеме жасаған Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова тексеріс кезінде арнайы комиссия құжат жүзінде жағдайы төмен деген азаматтардың зәулім үй, қымбат көліктерінің табылғанын айтты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барлық жағдайды құқық қорғау органдарына тапсырыпты. Заң бұзғандар Үкіметтен алған қаржысын толық қайтаруы тиіс.
«Бүгінде атаулы әлеуметтік көмекті 240 мың отбасы немесе 1 миллион 400 мың адам алады. Біз солардың арасынан жалған құжат жасатып, заңсыз тағайындағандарды анықтадық. Өкінішке қарай, жақсы мүмкіндікті бас пайдасына тартқандар көп. Сондықтан кейбірі өз табысын қолдан азайтып, кейбіреулер тіпті құжат жүзінде ажырасып та кеткен», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтандағы жеңіл рельсті көлік жобасы келесі жылдың соңына дейін аяқталады. 2020 жылы тапсырылуы керек құрылысы әрі қарай жалғастыруға 1,5 миллиард АҚШ доллары жетпей, жарты жолда тоқтап қалды.
Айта кетсек, құрдымға кеткен «Астана банкі» есепшотында Жеңіл рельсті көлік жобасының 80 миллиард теңгесі әлі қайтарылмаған.
«Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті көлік жобасын бүгінде елорда әкімдігі «Проблемалы кредиттер қоры» акционерлік қоғамы, Ұлттық банк және Қаржы министрлігі қарастыруда. Жобаны одан әрі іске асыру мәселесі 24 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласын дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қаралатын болады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс ҚАСЫМБЕК.
Жиында ауыл шаруашылығы жерлерін сату және жалға беру бойынша мораторий мәселесі қозғалды. Жеңіс Қасымбек жауапты министрлікте осы сұраққа қатысты заң жобасының тұжырымдамасы таныстырылғанын айтты. Алдағы уақытта бұл құжат қоғаммен талқылау үшін өңірлерге жіберіледі. Ал жыл соңында Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұсынылмақ.