Мемлекет басшысы жиында халықтың қарыз жүктемесін азайту мен жастардың баспана мәселесін реттеуді тапсырды
Үкіметте Президенттің қатысумен өткен кеңейтілген отырыста Премьер-министр Асқар Мамин осылай деді. Ол елімізде жыл соңына дейін бекітілетін білім және ғылым саласындағы жаңа мемлекеттік бағдарлама арқылы жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бұдан басқа министрлер, Ұлттық банк төрағасы және әкімдер қатысқан жиында Мемлекет басшысы халықтың қарыз жүктемесін азайту мен жастардың жайы және баспана мәселесін реттеуді тапсырды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысы төрт сағатқа жалғасты. Президенттен кейін сөз алған Асқар Мамин білім және ғылым саласында жаңа мемлекеттік бағдарлама енгізілетінін айтты. Алдағы алты жылға саналған бастама мектептердегі үш ауысымдық мәселені түпкілікті жоймақ.
«Бағдарлама аясында 500 мектеп ашылады. Оның 100-ден астамы жеке мектептер. Олар жан басына шаққандағы ақша бөлу жүйесімен жұмыс істейді. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік серіктерсті аясында 3 мың балабақша ашылады. 2021жылы мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындары жаңа бағдарламаны қабылдайды», – дейді ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН.
Жиында Ұлттық банк төрағасы да сөз алды. Ерболат Досаев алдағы уақытта 14 екінші деңгейлі банк тексеріледі деді. Қаржы ұйымдарының активтерін бақылау инвесторларды тартып, сеніміділікті арттыруға бағытталады. Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайы төмен жандардың несие үстіне жиналған 300 мың негізгі және өсімақыны кешіруді тағы пысықтады.
«Жұмысты Үкіметпен бірге екіге бөлдік. Біріншісінде біздің қолдаумен қамтылған топқа қатысты мәліметті салыстыру жұмыстары ескерілген. Сол бойынша жұмыстарды осы аптада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аяқтайды. Алдағы аптадан бастап шілденің аяғына дейін екінші деңгейлі банктермен және микроқаржылық ұйымдармен, сондай-ақ Проблемалық несиелер қорымен шарттар бекітіледі. Біздіңше, 1 қыркүйекке дейін банктерге қатысты қажетті төлемдер аяқталады. Айыппұл және өсімпұлға байланысты мәселелерді 1 тамызға дейін шешеміз», – ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат ДОСАЕВ.
Президент 500 мың жан үміт еткен рақымшылық тек бір реттік акция екенін айтты. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылық жерлерін цифрландыруды тапсырды. Бұл жұмысты жауапты ведомство келесі жылдың соңына дейін аяқтауы керек. Ол сондай-ақ жер шетелдіктерге сатылмайды деді.
«2021 жылы Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий аяқталғандықтан, жерді жалға беру мен сату турасында бір шешімге келу керекпіз. Депутаттар, саяси партиялар мен қоғам нақты өз ойын айтады деп үміттенем. Ал шетелдіктерге жер сатылмайды», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Осы тұста Мемлекет басшысы 2018 жылы шығыны 120 миллиард теңге болған «ҚазАгро» холдинг тынысын қатты сынады. Екі айда тиісті шаралар қолданылсын деді. Таяқтың бір ұшы «Астана Жеңіл рельсті көлік» компаниясына да тиді. Президент 45 жастан кейін қос вице-министрдің «Болашақ» бағдарламасы аясында магистрант дәрежесін оқуын түсінбейтінін жасырмады. Және бағдарлама талаптарын қайта қарауды тапсырды. Жастар жылында өскелең ұрпаққа ден қоюда міндеттелді. Әсіресе, баспана мәселесі жеңілдеу керек. Министр Роман Скляр бұл ескертпені қабыл алды.
Президент Атыраудағы «Теңіз мұнай өндіру» кен орынындағы жағдай бізге сабақ болсын, шетелдіктер мен отандастарымыздың жалақысы әділ берілсін деп, керек болса, инвесторлармен келіссөздерді қайта қарауды да қолдады. Отырыста әкімдерге де түрлі талап қойылды. Әсіресе, инвесторлармен жұмыс істеу мәселесінде. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Мамин басқаратын үкімет берілген тапсырмаларды орындай алатынына сенім білдірді.