5 күнде 281 мың адам. 1 сәуір күні Instagram желісінде жеке парақша ашқан президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғашқы бір сағатта 1200 жазылушы тіркелген еді. Дегенмен, қазір бұл көрсеткіш сағат сайын өсіп жатыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, мемлекет басшысының әлеуметтік желідегі бұл бірінші парақшасы емес. Президент 2011 жылдан бері Twitter желісінің белсенді қолданушысы. Онда өзі АҚШ президенті Дональд Трамптан бастап, әйгілі голливудтық актер Леонардо Ди Каприоға да жазылған.
Ал, инстаграмдағы алғашқы жазбасында Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдерін жұртпен етене байланысу үшін әлеуметтік желіге тіркелуге шақырды. Үндеуден кейін не өзгерді? Қай облыстың әкімдері жан таласып жеке парақша ашты? Президенттің парақшасына сағатына қанша адам тіркеледі? Мұны «Алматы» телеарансының тілшісі зерттеп көрген еді.
SMM мамандарының көмегімен жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, 5 күнде Президенттің парақшасына 281 мың адам тіркелсе, демек тәулік сайын 56 мың user (интернет қолданушысы) мемлекет басшысына жазылған. Ал сағат сайын орта есеппен 2 мың 345 адам тіркеліп отырыпты. Тағы бір қызығы, көп жағдайда президентке жалған парақша ашқандар емес, шынайы желі қолданушылары жазылған екен. Айта кетейік, мемлекет басшысы инстаграмға тіркелгелі бері 8 жарияланым жасап, астына қос тілде қысқаша жазба қалдырып жүр. Игі бастаманың жаршысы болған Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өңір әкімдерін де әлеуметтік желіде белсенді болуға шақырды.
«Құрметті Отандастар! Жақында өңір әкімдеріне жұртпен етене байланыс орнату үшін заманауи байланыс құралдарын ұтымды пайдалануға, яғни халықпен кері байланыс орнату мақсатында əлеуметтік желілерде белсенді болуға шақырдым. Өздеріңізге белгілі, мен бірнеше жылдан бері Twitter желісін белсенді қолданып, мемлекетіміз үшін ең маңызды деген дүниелермен бөлісіп келемін. Ендігі ретте осы үрдісті халық ең көп шоғырланған Instagram желісінде де жалғастыруды жөн деп таптым», - делінген ҚР Президентінің Instagram-парақшасында.
Айта кететін тағы бір дерек, Instagram әлеуметтік желісінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың атын жамылған 40-тан астам жалған парақша бар. Дегенмен, мамандардың айтуынша, аталған желідегі аккаунттардың қайсысы жалған, қайсысы шынайы екенін ажырату екіталай. Сондықтан, алданып қалмас үшін тек ресми ақпаратқа сүйеніп, жаңалықтарға жазылған дұрыс деп кеңес береді. Оған қоса, жазбалардың уақытылы салынғанына мән беру керек.
«Белгілі тұлғалардың атын жамылып, жалған парақша ашу қашанда бар үрдіс. Мұндай әрекетті кейбір адамдар қоғамның назарын аударып, көбірек оқырман жинау мақсатында жасайды. Дегенмен, байқасаңыздар инстаграмда шынайы тұлғалардың басым бөлігінде расталған деген белгі тұрады. Бұл тиісті мөлшердегі жазылушы жиналған кезде автоматты түрде шығады. Оған қоса, уақытылы салынатын контентке де қарау керек», - дейді Қазақстан Интернет қауымдастығының президенті Шавкат САБИРОВ.
Президенттің «әлеуметтік желіде парақша ашып, халыққа барынша жақын болу қажет» деген үндеуінен кейін жапа тармағай Facebook-те Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Instagram-да Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов және Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов те парақша ашты. Осылайша арт-артынан белді тұлғалар тіркеле бастады. Олар халықпен кездескен, ауылды аралаған, жиналыстан естелік суреттер салып жатыр. Ал, Алматы қалалық туризм басқармасының басшысы Мақсат Қиқымовтың инстаграмды серік еткеніне біраз уақыт болған.
Әсем шаһарға туристерді тартуды мақсат еткен басшы көмекші құралды өзі басқарады. Сөзінше, байланыс құралы арқылы ақпарат таратып, халықтың қордаланған мәселелерін тезірек шешуге болады. Қазір «Almatytourism» аккуантының 17 мың жазылушысы бар. Оларға қызықты болуы үшін басқарма басшысы жазбаны қысқаша жазып, қосымша сұрақ-жауап айдарын қосуды жөн көреді. Бұл қаралымды көбейтеді дейді.
«Президент біздің халықпен бірге болғанымызды, кейбір мәселелерді етене түсініп, назардан тыс қалдырмауымызды, дер кезінде қол ұшын созу керектігін тапсырды. Заман өзгеріп, бұрынғыдай есептік кездесуден гөрі жаңа форматқа көштік. Өткен жылдан бері басқарманың жеке аккуанты бар. Онда күніне 10 шақты сұрақ келіп түседі. Кейде қызықты жазбадан соң 30-дан астам пікір жазылады», - дейді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.
Ал саясаттанушылар бұл игі бастаманы қос қолдап қолдайды. Енді шенділерді халыққа тағы бір табан жақындататын әлеуметтік желі деген жұмыс құралы пайда болды дейді олар. Дегенмен, басшылар кабинетте түскен бірқалыпты суреттерінен бөлек, «Жастар жылында» отбасы құндылығын, салауатты өмір салтын насихаттап, сүйікті хоббиімен таныстырса жақсы болар еді дейді.
«Ел басшылары, халықты басқарып отырған азаматтар халыққа жақын болуы керек. Әсіресе, жастарға. Бүгінгі күні жастар көп ақпаратты осы әлеуметтік желілер арқылы алады. Сондықтан, билік өкілдерінің осы алаңға келгені дұрыс. Бірақ, міндетті түрде галстук тағып, кабинетте отырған фотосуреттерін желіге жүктей бермей, үйінде, отбасының ортасында отырғанын суреттерімен де бөліссе деген тілек бар», - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қалықаралық қатынастар факультетінің деканы, халықаралық құқық кафедрасының профессоры Сағынғали АЙДАРБАЕВ.
Жарнама жасаумен айналысатын Нұркен Халықберген енді әкімдердің жұмысына әлеуметтік желі арқылы баға беру тенденциясы басталатынын айтады. Ол тіпті критерий ретінде екі мәселеге мән беру керек деп отыр. Айтуынша, әкімдердің атқарған жұмысына қатысты пікірлер және жазылған арыз-шағымдарға уақытылы берілген жауапқа қараған дұрыс дейді. Оған қоса, әр шендіге халық алдында 1 айға жоспар құрып, оны жариялап отырған жөн деп санайды.
«Әрине, аудан, ауыл, облыс әкімдерінің деңгейі әр түрлі. Десе де, әрқайсысы бір айға сала бойынша жүзеге асуы тиіс жұмыстар тізімін салып отыруы керек. Оны халық біліп жүруі тиіс деп ойлаймын. Қандай мәселе болса да, денсаулық сақтау, көріктендіру, коммуналдық шаруашылық. Ол қанша пайызға орындалғанын айтса да артық емес. Менің ойымша, әлеуметтік желі ашықтықты қамтамасыз етеді», - дейді PR-сарапшы Нұркен ХАЛЫҚБЕРГЕН.
Заманына қарай адамы демекші, енді біз заман талабына сай әкімдердің есебін акт залдарында емес, әлеуметтік желі алаңында қадағалайтын боламыз. Тіпті, лайықты атқарған жұмысына лайк қойып, өз ойымызды пікір етіп қалдырамыз. Ал, бұл бастамадан қандай нәтиже болатыны уақыттың еншісінде.