Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіне мүше елдерді түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырды
Түркістан – түркі әлемінің астанасы. Осындай тақырыппен өткен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті бірнеше минут бұрын ғана аяқталды. Онда Президенттер сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Толығырақ тікелей эфирде Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып беруге дайын.
– Асылбек іс-шара барысында тағы қандай мәселелер көтерілді?
– Қайырлы кеш, Қайрат! Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті онлайн форматта өтті. Шараны қасиетті Түркістан қаласында ұйымдастыру жоспарланған болатын. Алайда коронавирустың күшіне енуіне байланысты мемлекет басшылары қашықтан пікір алмасты. Қазақстан Президенті індеттің беті қайтқан соң бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деген сенемін білдірді.
«1992 жылы Анкарада өткен алғашқы басқосуда Елбасы түркі елдерінің басшылары бұдан былай киелі Түркістанда кездесіп тұрады деп айтқан. Түркістан барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт. Бабаларымыз осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Яссауиден діни білім алып, түркі ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі. Түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түптамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болды. Біздің мақсатымыз – түркі әлемін 21 ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырды. Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды. Әлеуметтік, мәдени нысандар бой көтеріп, тарихи орындар қалыпқа келтірілді. Ал саммитке оралар болсақ, шараның шымылдығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, Түркі кеңесінің болашағына қатысты құжат қабылдауды ұсынды. Ол гуманитарлық және мәдени дамумен қатар елдер бір-бірінен көп нәрсеге үйрене алатынын айтты. Өз кезегінде түркі елдердің басшылары Қазақстан тарапына алғыстарын білдірді. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Карабах қақтығысына қатысты жағдайды баяндады. Ал, Саммитке алғаш қатысқан қырғыз елінің Президенті Садыр Жапаров ресми сапармен келген кезде қабылдағаны үшін Қазақстан мен Өзбекстан Президенттеріне алғыс айтты. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-ші саммиті 2021 жылдың 12 қарашасында Ыстанбұлда өтетінін айтты. Бұдан бөлек, шара барысында Арал теңізінің мәселесі де талқыға түсті. Әзірге мендегі бар ақпар осы. Қайрат?
– Рахмет. Бізбен тікелей байланыста болған әріптесім Асылбек Тойбек болатын.