Министрлер кабинетінің өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тағы бір маңызды күн. 30 жылдықтың алғашқы айында ел үкіметі отставкаға кетті. Министрлер кабинетінің өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Алайда үкімет жаңа құрам бекітілгенге дейін өз міндеттерін орындайды. Айта кету керек, заң бойынша Парламент мәжілісінің сайлауынан кейін Үкімет тарап, қайта жасақталуы тиіс. Бүгін таңертең жетінші мәрте сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Президент жаңа құрамға табыс тілеп, алдағы міндеттерді айқындады. Сонымен сот жүйесі жабық корпорация болмауы тиіс. Мемлекеттік атаулы көмек пен оны алу барысындағы тиісті талаптарды күшейту керек. Мемлекет басшысы тағы қандай тапсырма жүктеді? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатсын.
Жетінші сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен сайлаудың аяқталуымен құттықтап, жаңа құрамға табыс тіледі. Сондай-ақ, өткен шақырылым депутаттарына алғыс білдірді. Мемлекет басшысы халық қалаулыларының алдында тұрған міндеттерді атап өтті.
«Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек мемлекет басшысы барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізуді ұсынды. Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7%-дан 5%-ға дейін төмендеуі керектігін айтты. Алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болатынын да тілге тиек етті. Сонымен қатар Омбудсмен туралы Заң қабылдау,«Жастардың даму индексін» енгізу, онлайн-петиция институтын да заң жүзінде ресімдеу тапсырылды. Сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарының жұмысын барынша өзгерту, әлеуметтік-экономикалық даму үшін азаматтардың құқықтарын лайықты қорғау секілді маңызды мәселелердің шешу жолдарын айқындады.
«Әлеуметтік инфрақұрылымның тағы бір басты элементі – отандық зейнетақы жүйесі. Ол тиянақты, адамдардың мүдделеріне сай болуы керек. Біз өте маңызды реформаны – зейнетақы активтерін ішінара алу және пайдалану мүмкіндігін іске қостық. Сонымен қатар, азаматтарға өз жинақтарын түрлі құралдар арқылы басқару мүмкіндігін беру қажет. Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде. Оны іс жүзінде іске асыру сапалы заңнамалық қамтамасыз етуді талап ететіні анық», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуді тапсырды. Ерекше күтімге мұқтаж жеткіншектердің инклюзивті дамуын да назардан тыс қалдырмау керектігін айтты. Білім беру мекемелеріндегі тиісті қызметтердің тиімділігін арттыру үшін нормативтік база қалыптастыру да кезек күттірмейтін түйткілдің бірі деп атап өтті.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің нақты тапсырлмаларын берді. Білім экономикасын дамытуға байланысты инклюзивті қоғам құру байланысты және жалпы халықтың көзбен көріп, қолмен ұстайтындай нәтижеге жеткізетіндей жұмыс болу керектігін бізге нақты айтып өтті. Сол бойынша жұмыс жасаймыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
«Негізінен сапалы заңдар, әсіресе, әлеуметтік салада, балалардың құқығын қорғау бағытында, ұлттық идеологиялық бағытқа арналған депутаттардың алдына лайықты заңдарды қабылдауға, мемлекетіміздің дамуына, тәуелсіздігімізді қамтамасыз етуге лайықты дүниелерді алдымызға міндеттеді. Меніңше, әріптестерімізбен бірігіп, сапалы жұмыс істейміз деп ойлаймыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.
Мемлекет басшысы «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылдау, қайырымдылық қызметін жүйелі қолдау, адам құқығы жөніндегі уәкілдің аппаратын нығайту секілді мәселелерді де назарға алу керектігін тілге тиек етті. Ел дамуының 2025 жылға дейінгі өзектілендірілген Ұлттық Жоспарын, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасын құруды жүктеді. Үкімет бірінші жартыжылдықтың соңына дейін мемлекеттік бағдарламаны Ұлттық жобаларға айналдыруды қамтамасыз етуі тиіс, деді.
Сонымен қатар, Президент өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсартуға басымдық берілетінін айтты. Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауыл жаңғыртылады. Айналасындағы елдімекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді.
ГРАФИКА-1:
Сайлау бюллетендеріне «Бәріне қарсымын» деген жазу енгізу;
Партиялардың Мәжіліске өту шегін - 7-ден 5 пайызға төмендету;
Ауыл әкімдерін сайлау;
Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдау;
«Жастардың даму индексін» енгізу;
Онлайн-петиция институтын да заң жүзінде ресімдеу;
ГРАФИКА-2
«Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылдау;
Қайырымдылық қызметін жүйелі қолдау;
Адам құқығы жөніндегі уәкілдің аппаратын нығайту.