Мәжіліс көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгертілген Заң жобасын мақұлдады
Бұдан былай сыртқы жарнамалар мен маңдайшалар, сондай-ақ, ас мәзірі міндетті түрде қазақ тілінде жазылатын болады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгертілген Заң жобасын күні кеше Мәжіліс мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде жол белгілері, жарнамалық хабарландырулар мен маңдайшалар, сондай-ақ, баға көрсеткіштері мен ас мәзірі ең алдымен қазақ тілінде жазылуға міндеттеледі. Мәжілістің екінші отырысында мақұлданған мәселе енді Мемлекет басшысына жолданды.
Айта кету керек, «Тіл туралы» заңның 21-бабында бұл тармақ бұрын да бар еді. Өзгерту енгені – тіл мәртебесінің көтерілуі. Ал орыс және өзге де тілдер қажет болған жағдайда ғана аударылады.
Мақұлданған заңның мақтар тұсы бар. Себебі, ел ішінде, қоғам арасында қатесінен көз сүріндірер жарнама жетіп артылады. Орфография, пунктуация, стилистика заңдылығын сақтамағаны былай тұрсын, тіркесінің өзі миға қонбайтын, мазаққа қалатын мәтін көп-ақ. Соның бәріне заңдық тұрғыда нақты шектеу қойылмақ.
«Тіл туралы заң талабының белгіленген нормалары сақталмаған жағдайда, әкімшілік шараларын қолдануға қатысты біршама ұсыныстар айтылды. Заң талабында қазақ тілі орыс тілімен қатар болатын. Ендігі жерде мемлекеттік тіл міндетті болды да, қалғаны кәсіпкерлердің өздерінің ықтиярында қалады», – деді Алматы қаласы әкімі аппараты Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Қалымбет.
Бұған дейін мамандар қоғамдық орындардағы қателерді сүзгіден өткізіп, бірқатарына Заңға сәйкес өзгерту енгізген еді. Мұндағы басты мәселе – тіл мәртебесінің Ата Заң аясында қорғалуы. Бұдан былай аталған Заңның Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі турасындағы 21-бабы Мемлекет басшысы қол қойған соң өз күшіне енеді.
Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы