Қос елдің басшылары екіжақты келіссөз жүргізіп, бірлескен мәлімдеме жасады
Бүгін Қазақстанға Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Ёль келді. Мәртебелі мейманның алғашқы сапары Ақордадан басталды. Ресми Сеул делегациясын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Артынша қос елдің басшылары екіжақты келіссөз жүргізіп, бірлескен мәлімдеме жасады. Мұнан соң 13-мәрте өткізіліп отырған Қазақстан-Корей бизнес форумына қатысты. Алдымен сөз алған Қазақстан президенті Юн Сок Ёльге алғысын білдірді. Қазақ-корей стратегиялық серіктестігінің маңыздылығына тоқталды.
– Біз Корея басшысының осы мемлекеттік сапарына айрықша мән береміз. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймын. Бүгін біз кеңейтілген стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамытуға уағдаластық. Өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын айқындадық. Астана мен Сеулдің өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Көпжақты ықпалдастықты нығайтуға екі ел де мүдделі. Біз Орталық Азия бестігі мен Корея диалогын одан әрі дамытуға келістік, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Корей елі – Қазақстан экономикасына қомақты қаржы құятын ірі инвесторлардың бірі. Соңғы жылдары екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі артқан. Тауар айналымының көлемі 6 млрд долларға жетіпті. Бүгінде елде Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бизнес-форум аясында Мемлекет басшысы Юн Сок Ёльге бірқатар іскерлік бағыттағы ұсыныстарын да айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев банктік қадағалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанына тоқталды. Бұл маңызды құжат инвестициялар қауіпсіздігін бақылаудың тәртібін реттеуге бағытталған.
– Бұл форумның аясында 23 құжатқа қол қойылады. Олардың құны 430 млн доллар. Біз компания атынан бірнеше компаниямен меморандумдарға қол қойып отырмыз. Форум арқылы Кореялық компанияларға Қазақстанның инвестициялық тұрғыдан көрсеткіміз келеді, – деді «Самұрық-қазына» АҚ дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан.
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді