Парламенттік жүйе еліміз үшін жеткіліксіз. Қазақстан супер-президенттік жүйеден өркениетті жүйеге көшуі керек. Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысы елдегі саяси реформа, сыртқы және ішкі байланыстар, қаңтар оқиғасы, Еуразиялық экономикалық одақ туралы сөз етті. Сондай-ақ Ресей мен Батыстың санкциялық текетіресіне қатысты ойын білдірді.
Алдымен Президент Қазақстанда түбегейлі саяси реформаның жүргізілуіне тоқталып, бірінші кезекте әділдік орнатуды көксейтінін жеткізді. Халықтың билікке сенімі, биліктің халыққа деген қамқорлығы мен құрметі ерекше болу керек деді. Сол себепті жаңа Қазақстан құру мақсатында саяси реформалар жүргізіле бастады.
«Қазақстан олигополиямен қоштасуы керек. Мен утопист емеспін, бұл бір жылдық жұмыс емес екенін түсінемін. Бірақ менің Мемлекет басшысы ретіндегі міндетім – халыққа әділеттілікті қамтамасыз ету. Әлеуметтік лифт жұмыс істеуі керек, біз саяси көзқарастағы адамдарды маңызды лауазымдарға алуымыз керек», – деді
Елдегі өзгерістердің ішіндегі ең елеулісі ретінде супер-президенттік жүйеден кетіп, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қалыптастыру екенін атап өтті. Бұл ретте Президент «Қазақстан Парламенттік басқару жүйесіндегі республика болады» деген қате түсінік туындамауы керектігін баса айтты. Ал референдум өткізу де саяси құрылымды қайта құру жұмыстарының жалғасы. Сондай-ақ шетелге шығарылған активтерді қайтару бағытында жұмыстарға басымдық беріп отырғанын жеткізді.
«Мен заңсыз сыртқа шығарылған қаражат пен активтерді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссия құрдым. Бұл бір күндік жұмыс емес екені түсінікті. Алайда ол активтер елге қайтарылуы тиіс. Өйткені бұл – заңға қайшы жасалған әрекеттер. Оларды заңды иесіне, яғни Қазақстан халқына қайтару керек. Халық атынан барлық активті мемлекет басқарады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жыл басында елімізді дүрліктірген қайғылы қаңтар оқиғасына да тоқталып өтті. Оны кәсіби адамдар ұйымдастырғанын, олар айғақтарды жойып отырғандықтан бұл қазіргі таңда тергеуге қиындықтар туындатып жатқанын жеткізді. Ал адам өлтірген, дүкен тонаған және мемлекет құрылымына қарсы шыққан адамдарды ұлттық қаһармандардың қатарына қосудың қажеті жоқ. Дегенмен рақымшылық танытып, ұсталған кейбір адамдарды туған-туыстарының өтініші бойынша босатып жатқанын да жасырмады. Елдегі ахуалдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев өзге мемлекеттермен экономикалық байланысымыз туралы да айтты.
«Қазақстанның Еуразиялық Одақтан және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан шығады деген сөз қауесет. Меніңше, Еуразиялық экономикалық одақ – бұл өте маңызды ұйым. Бішкектегі жиында интеграция өте ауыр жұмыс екенін айттым. Оған өзара компромисс керек. Себебі әрбір мемлекет өз ұстанымын қорғайды, бұл – қалыпты жағдай», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Батыстың санкциялық текетіресіне қатысты өз ойын білдірді. Өз сөзінде Президент санкцияны ешбір мемлекет бұза алмайтынын атап өтті. Егер ол талапты ескермеген жағдайда Қазақстан экономикасына да Батыстың «қайталама санкциялары» салынатыны туралы ескертпелер алатынын түсіндірді.
Асылбек Тойбек