Халықаралық форумда қандай мәселелер талқыланды

Almaty.tv
Almaty.tv
Бас қаладағы маңызды басқосуға 40-тан астам елден 400-ге жуық делегат келді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Аралдың тағдыры алаңдатады. Бүгін Мемлекет басшысы алып айдынды қорғау үшін көбірек қаржы бөлу керек екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл мақсатта әлем елдерін бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Осы және басқа да саяси маңызды мәселелер Астана халықаралық форумында айтылды. Екі күндік іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен саясаткерлер, сарапшылар арнайы шақыртылған.

Бүгін-ертең әлем назары Астанаға ауып тұр. Жер жаһанды алаңдатқан бірқатар маңызды мәселелер халықаралық форумда ой таразысына түседі. Отырысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі келіп, ашып берді. Сөз басын Мемлекет басшысы «Қазір соғыс, қақтығыстармен уақыт өткізетін кезең емес» деп бастады. Әлем елдері алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеру жолында бірігіп күш жұмылдыру қажеттігін айтты. Бүгінгі басқосудың түпкі мақсаты да – осы. «Бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Әсіресе бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынастар өте қажет» деді Президент.

«Қазақстан бұрыннан шығыс пен батыстың, солтүстік пен оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді. Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты. Геосаяси қиындықтарға қарамастан Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз», – деді Қазақстан республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аралдың тағдырына алаңдаған Президент алып айдынды қорғау үшін көбірек қаржы бөлу керек екенін айтты. Басқосуда Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік қауымдастықты осыған шақырды. 2050 жылға қарай Әмудария мен Сырдариядағы су деңгейі 15 пайызға түсуі мүмкін. Президент мәселені шешу үшін бірлесіп күш жұмылдыру керек екенін еске салды. Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы шетелдік инвесторларды Қазақстанға іс бастауға шақырды.

«Біз өз тарапымыздан инвесторлардың жұмысы үшін барлық қажетті жағдайды жасауға тырысамыз. Біздің жоспарымызға сәйкес, алдағы бес жылда нарыққа бірнеше ірі инвесторларды тартып, елімізде өнімді терең өңдеу бойынша кәсіпорындар ашқымыз келеді», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Ел экономикасының негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы. Салаға алдағы 5 жылда бірнеше ірі инвестор тарту жоспарланған. Қазірдің өзінде Еуропалық Одақ елдері, Қытай, Ресей бізбен серіктестікте. АҚШ-тың да біздегі өнімдерге сұранысы артқан.

Бас қаладағы маңызды басқосуға 40-тан астам елден 400-ге жуық делегат келген. Шара ертең де жалғасады. Мемлекет басшысының төрағалығымен шетелдік инвесторлардың кеңесі өтеді деп жоспарланған.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеранасы

Оқи отырыңыз: Тоқаев: форум – халықаралық серіктестіктің шынайы мән-маңызын айқындайтын жолдың бірі

Новости партнеров