Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтудың, перспективалары талқыланды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Федералды жиналысы федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенконы қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтудың, перспективалары талқыланды. Сонымен қатар, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа, еуразиялық интеграцияға және екі елдің коронавирус пандемиясына қарсы күрестегі бірлескен күш-жігеріне қатысты өзекті мәселелер сөз болды. Президент заң шығарушы органдардың Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстарын жақындатудағы рөлін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Парламенттік дипломатия мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуда үлкен рөл атқарады деп санаймын. Бұл, әсіресе, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы ықпалдастыққа қатысты. Біз үшін достық, одақтастық байланыстар негізгі басымдыққа ие. Біз осы әріптестігімізді одан әрі нығайтуымыз керек. Ол үшін барлығын жасайтын боламыз. Біз Ресей Федерациясындағы жағымды жаңалықтарды қызығушылықпен бақылаймыз. Владимир Путиннің мықты әрі беделді басшылығымен Ресей Федерациясы халықаралық аренада өзін әлем елдері санасатын және онсыз бірде-бір маңызды халықаралық проблема шешілмейтін мемлекет ретінде танытты», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Ресейдің Федералдық жиналысы федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко да Президентке кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.
«Сапар алдында Владимир Путинмен сөйлестім. Ол Сізге жүрекжарды сәлемін жолдады. Сондай-ақ, Сіздердің сенімді әрі шынайы қарым-қатынастарыңызды жоғары бағалайтынын айтты. Қол жеткізілген барлық уағдаластықтардың жүзеге асырылатынын нақтылады. Нұр-Сұлтан қаласынан алған әсеріміз де ерекше. Кезінде Владимир Путин Нұр-Сұлтан қаласын қазіргі заманның ғажайыбы деген еді. Шын мәнінде, қала көз алдымызда көркейіп келеді. 6 шілдеде қала күнін атап өтетіндеріңізді білемін. Сізді және Нұр-Сұлтан қаласының барша тұрғынын келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтаймын», – деді РФ Федералды жиналысы федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко.