Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Қытайдағы саммит екі ел арасындағы байланыстың жаңа эрасына бастау болады. Тек тауар айналымы ғана емес, өзге де көп саланы бірлесе дамытуға серпіліс береді. Бұл – қытайлық алпауыт компания өкілдерінің пікірі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алты мемлекеттің басшысы бас қосқан «Орталық Азия – Қытай» саммитінен көрші елдегі көп азаматтың да күтері көп. Мысалы, Қытай ұлттық радио және теледидар басқармасының өкілі Янь Нидің айтуынша, алқалы жиын БАҚ саласында да оң нәтиже бермек. Оның ойынша, тәжірибе алмасуға, білгенді көрсетіп, білмегенді үйренуге мүмкіндік артады.
Айта кетсек, бүгінде Қытайдағы 2 телеарна ең жоғары бейне сапада хабар таратады. Жаңатехнологиямен жабдықталған.
– Саммит Қытай мен Орталық Азия елдерінің арасындағы ынтымақтастықтың жаңа эрасы дер едім. Бұл – біз үшін маңызды. Бәріміз бір кісідей оң нәтиже күтеміз. Бұл бастамалардың БАҚ саласында да бірлесе дамуға серпіліс берері хақ. Жаңа технологияларды қолдануда тәжірибе алмасуға мүмкіндік болады, – деді Қытай Ұлттық радио және теледидар бойынша басқарма басшысының орынбасары Янь Ни (NRTA).
Ал CNPC корпорациясы президентінің көмекшісі Цзя Юн Қазақстанмен серіктес болу үлкен мәртебе екенін айтады. Оның айтуынша, қос мемлекеттің ынтымақтастығы екіжақты әлеуметтік жағдайды жақсартуға үлес қосқан. Сондай-ақ ол мұнай мен газ саласындағы бірлескен еңбектің арқасында көп мөлшерде отын өндіріп, оң нәтижеге жеткенін атап өтті.
– Қазақстанмен мұнай-газ саласында серіктес болу – үлкен мәртебе. Көрші елде біздің корпорациямен бірлесіп ашқан өндіріс орны көп. Соның арқасында қос мемлекеттің азаматтары жұмыспен қамтылып, мұнайшыларымыз тәжірибе алмасып жатыр. Ортақ еңбектің арқасында оң нәтижеге жетіп жатырмыз. Біздің тараптан инвестиция құйылып, екі елдің әлеуметтік жағдайын арттыруға күш салудамыз, – деді Қытай Ұлттық мұнай-газ корпорациясы президентінің көмекшісі – Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Цзя Юн.
Айта кетсек, жақында ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасы төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді. Сапар аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Келісім екі ел арасындағы өндірістік және экономикалық байланысты одан әрі дамытуға бағытталған.
Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы, ҚХР