Қазақ-өзбек тауар айыналымы 5 миллиард долларға жетуі мүмкін

16.04.2019 00:51

Кездесуде екі елдің арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау үдерісінің сәтті жүріп жатқаны да айтылды

Akorda.kz

Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы 1 жарым жылдың ішінде 5 миллиард долларға жетуі мүмкін деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі елдің экономикалық қарым-қатынасын одан әрі қалай нығайтуға болатынын қос мемлекет басшысы талқыға салды. Сондай-ақ, Тоқаевтың алғашқы мемлекеттік сапарында, екі елдің арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау үдерісінің сәтті жүріп жатқаны да айтылды.

«Біздің Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында екі елдің ынтымақтастығы әу баста жарасқан еді. Сіздер де екі мемлекеттің көшбасшылары ретінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты биік деңгейге көтердіңіздер. Менің міндетім – байланыстарымыздың сабақтастығы мен жоғары қарқынын сақтау деп ойлаймын. Мен де өз тарапымнан қазақ-өзбек ынтымақтастығының еш кедергісіз өркендеп, дамуына барлық мүмкіндікті жасаймын», - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарып келген рөлін Шавкат Мирзиёев те атап өтті. Өзбекстан президенті шекара қызметіне қатысты күрделі мәселелерді де осы Қазақстанның тұңғыш мемлекет басшысы шеше алғанын алға тартты.

«Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлін ерекше атап өткім келеді. Сол кісінің арқасында өзара қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейге көтерілуіне қол жеткіздік. Сіз де министр, Премьер-Министр, Сенат төрағасы қызметтерін атқарған кезіңізде екі ел байланыстарын жақсартуға септігіңізді тигіздіңіз», - деді Өзбекстан президенті Шавкат МИРЗИЁЕВ.