Сырттан тиімсіз қарыз тартқаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін арттыруды ұсынылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қос палатаның депутаттары бүгін Үкіметтің есебін тыңдады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекеттік органдарға сырттан тиімсіз қарыз тартқаны үшін салынатын айыппұл мөлшері артуы мүмкін. Парламенттің бірлескен отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қос палатаның депутаттары бүгін Үкіметтің есебін тыңдады. Бірнеше партия өкілі Әлихан Смайыловтың командасы ұсынған баяндамаға көңілі толмаған.

Палаталардың бірлескен отырысы шамамен 3 сағаттан аса уақытқа созылды. Мінберге шыққан Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жыл басынан бері бюджеттің қалай игеріліп келе жатқанын айтып берді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7,9 пайызға ұлғайған. Түсімдер 102,1 пайызға атқарылып, 16,1 триллион теңге болған. Ерұлан Жамаубаев жоғары аудиторлық палата жасаған ескертулерге де тоқталды.

«Жалпы, әлемдік тәжірибеде барлық елде тауарлардың сыртқы саудасының кедендік статистикасы дерегінде әріптес елдермен сәйкессіздік бар. Мұндай алшақтықтың негізгі себебі сыртқы сауда статистикасын қалыптастырудың әдістемелік ерекшелігінде. Дегенмен алшақтықтарды азайту мақсатында бірқатар жүйелі шара қабылдануда. Тауарларға арналған декларацияны бақылау және шығару үшін кедендік функцияларды орталықтандыру жүзеге асырылды», – деді ҚР Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

«Ақ жол» фракциясы Үкіметтің есебін қолдамайтынын және оған қарсы дауыс беретінін айтты. Фракция жетекшісі Азат Перуашев кірістердегі күмәнді жетістіктер, бюджетті жоспарлаудағы жауапсыздық, мұнайдан тыс бюджет тапшылығының артуы, Ұлттық қорды талан-таражға салу сынды себептер есепті қабылдамауға негіз екенін айтты.

«Мемлекет холдингтер мен ұлттық компанияларға триллиондап қаражат бөледі, ал олар бюджетке 6 есе аз қайтарып жатыр. Қалған триллиондарды Үкімет пен ұлттық компаниялар өз қалауы бойынша, Парламентке көрсетпей жұмсауда. Сонда «ықпалды Парламент» пен «есеп беретін Үкімет» қайда?» – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Ал өз кезегінде Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова мемлекеттік органдарға сырттан тиімсіз қарыз тартқаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін арттыруды ұсынды.

«Үкімет бюджет тәуекелдерін айқындап, 2050 жылға дейінгі мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығына талдау жасады. Қарыз саясатында біртіндеп тәртіп пайда болып келе жатыр. Сыртқы қарыздарды тиімсіз тартқаны және оларды уақытылы игермегені үшін лауазымды тұлғалардың дербес әкімшілік жауапкершілігі енгізілді. Мұндағы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл сомасын көбейту керек деп санаймыз», – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова.

Депутаттар үкімет мүшелерін қанша сынап, ескерту айтып, тіпті бірнеше партия есепті қабылдамаса да, көпшілік дауыс беру арқылы министрлердің есебі бекітілді. Мәжілісмендер Үкімет есеп берген кезде айтылған ұсыныс пен ескерту алдағы жылы бюджетті жоспарлайтын кезде ескеру қажеттігін айтып сөздерін түйіндеді.

Новости партнеров