Тәуелсіздікке нұқсан келтіретін бірде-бір келісімге жол бермеу қажет. Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Өйткені бұл қасиетті құндылықтар Қазақстан үшін бәрінен қымбат. Осылайша, Қазақстанның мүдделерін табандылықпен қорғауға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қазір геосаяси текетірес белең алып жатыр. Қазақстан ешкіммен жауласпайды, халықаралық дауларға килікпейді. Біздің таңдаған жолымыз айқын. Прагматизмге негізделген салмақты әрі салиқалы саясаттан еш айнымаймыз. Біз екіжақты және көпжақты міндеттемелерден бас тартпаймыз. Даулы мәселелер туындаса, ұлттық мүддемізге сай ұтымды шешім табуға ұмтыламыз», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент кадр саясатын түбегейлі өзгертуді тапсырды. Мемлекет басшысы дипломатиялық қызметке көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет екенін қадап айтты. Қазақстан атынан шетелдерде қызмет етіп жүрген дипломаттар шет тілдерін ғана емес, ең алдымен, қазақ тілін білуі керек деді.
«Білікті мамандардың Сыртқы істер министрлігінен кетуі оның кадрлық әлеуетін әлсіретіп жатыр. Бұл – шын мәнінде өзекті мәселе. Мен осы министрлік ең консервативті құрылымның бірі екенін білемін. Оның жақсы жағы да бар. Дәстүр сақталады, кәсіби дипломаттар шоғыры қалыптасады. Дегенмен жағымсыз жағы да жоқ емес. Білімді, білікті әрі елге адал қызмет еткісі келетін жастар үшін министрлікке жұмысқа тұру алынбас қамалдай», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.