«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығы сәуір айында ашылады

29.03.2023 00:56

Форум аясында 16 құжатқа қол қойылды

Almaty.tv

Пандемия басталғанда жабылған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығы сәуір айында ашылады. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Алматыда өткен форумда мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстан мен ҚХР өкілдері бас қосқан жиында екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселесі сөз болды. Форум аясында 16 құжатқа қол қойылды.

«Қытай тарапымен қарым-қатынасты дамыту үшін «Қорғас» жобасы өте маңызды. Сондықтан осы сәуір айында ашамыз. Негізгі мақсат – Қытай еліне Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару», – деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс мәселесі талқыға түскен жиынға 150-ден астам отандық кәсіпкер, шыңжаңдық 20 бизнесмен, елдегі ірі кәсіпорын өкілдері қатысты. Кездесуде экспорт пен импортты дамыту, сондай-ақ логистика жайы да талқыланды.

«Екі ел арасындағы экономикалық байланыс уақыт өткен сайын нығайып келеді. Бұл өте маңызды. 2019 жылдан бастап экспорт үлесі 10 есе өсті. Біздің еліміз Қазақстанға табиғи өнімдер жеткізе бастады. Мемлекет арасындағы ынтымақтастық дами түседі деген сенімдеміз», – деді кәсіпкер У Гаң.