Жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды
Жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды. Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерді сатуға және жалға беруге Заңмен шектеу қойылатынын айтты. Мемлекет басшысы бір айдың ішінде жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын бастауды тапсырды. Бұдан бөлек ауыл әкімдерін сайлау халықты қолжетімді баспанамен қамтасыз ету, мұғалімдер мен дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу, секілді көптеген өзекті түйткіл бойынша жұмыстар атқарылатыны белгілі болды.
Елімізде Президенттің бастамасымен Ұлттық кеңес құрылғалы 1,5 жылдың ішінде оның мүшелерімен 26 кездесу өткен. Олар бірқатар Заңдардың қабылдануына ұйытқы болды. Бүгін 5-отырысында Президент тағы бір еліміз үшін маңызды заңды әзірлеуді тапсырды.
«Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша бұл мәселе Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде шешілмек. Президент Әкімшілігіне тиісті заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Енді бір айдың ішінде жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын бастауы тиіс. Мемлекет басшысы бұған дейін де көтерілген ауыл әкімдерін сайлауы биыл тамыз-желтоқсан айларында өткізілетінін айтты. Сонымен қатар аудан әкімдері де сайлау арқылы тағайындалатынын тілге тиек етті.
«Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Түптеп келгенде, аудандарда сайлау өткізу – халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдарға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тұрғын үй мәселесі қазақстандықтар үшін өзекті. Президент бұл тақырыпты да айналып өтпеді. Азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін беру – сеңнің қозғалуына сеп болуда. Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс қарқыны өскенмен өңірлерде жағдай біркелкі емес деп атап өтті. Қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керектігін айтты. Соған сәйкес тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады.
«Осы тұрғын үй кезегінде тұрғандарға арналған арендалық баспана деген бағдарлама бар. Бірақ арендалық баспанамен салынатын бюджеттік үйлердің құрылысы өте сапасыз болып келеді. Мәселен, көпбалалы отбасыларды, мүгедек баласы барларды, жалғызбастыларды ол үйге тұрғызады... Бюджеттік баспанасының сапасына жіті назар аудару керек және қатаң талап қою керек деген ұсыныс айтқан болатынмын», – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ләззат Қожахмет.
Президент әлеуметтік салалардағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Әсіресе, мұғалім мен дәрігер мамандарының тапшылығы проблемасын жедел шешу қажет деді. Бұл ретте медициналық оқу орындарындағы шәкіртақы көлемін көбейтуді ұсынды. Ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс жүргізетін мамандандырылған ұйымдардың қызметіне қатысты қолданыстағы нормалар ескірген деп атап өтті. Жалпы қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасалмай отырғанын сынады.
«Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын. Олар онсыз да белгілі нәрсені дәлелдеу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Цифрлық технологиялар мен автоматтандыру дәуірінде мұндайға жол беруге болмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін дереу өзгерту қажет.Бірыңғай ақпараттық қор (база) құрып, жұртқа ыңғайлы әрі жұмыс істеуге оңтайлы жүйені неге жасамасқа?» – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңесте көп мәселе көтерілді. Мемлекеттік қызметшілерге қос азаматтық алуға жол бермеуді, оларға қатысты жазаны қатаңдату қажеттігін айтты. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық та азаймай тұр. Бұл ретте Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер штатын қалпына келтіруді тапсырды. Жасыл экономиканы дамыту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адвокаттық қызметке қатысты Заңнаманы жетілдіру де Призедент назарынан тыс қалмады.
Соңғы кезде жастар арасында лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік белең алып барады. Бұл кеселден бүтін бір отбасы зардап шегеді. Букмекерлер мен казинолардың интернетте жарнамасы өріп жүр. Президент балаларды және құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартып, қажет болса, оларды лицензиясынан айыру керек деді. Сондай-ақ шетел азаматтарының ел аумағында құмар ойындарды заңсыз жүргізіп, лотерея ұйымдастыру арқылы табыс табуына тыйым салуды тапсырды.
Асылбек Тойбек